Шымкентте тіркелген арыстықтардың саны бір тәулікте 33,8% артты

27 Маусым 2019, 19:41
4977
Бөлісу:
Шымкентте тіркелген арыстықтардың саны бір тәулікте 33,8% артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалаға келушілер санының айтарлықтай артқаны байқалады. Арыс халқының 87% Шымкент қаласында тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Қалаға келушілер санының айтарлықтай артқаны байқалады. Арыс халқының 87% Шымкент қаласында тіркелді. Бүгін сағат 9.00-дегі жағдай бойынша қаладағы эвакуациялау пункттерінде 39 400 адам тіркелді. Бұл кешегі күнмен салыстырғанда 12 609 адамға артық. Эвакуациялау пункттерінің саны 43-тен 56-ға дейін арттырылды. Шымкенттегі эвакауциялау пункттеріне келген зардап шеккендердің саны бір тәулікте 33,8% артты немесе 10 626 адамды құрады», - делінген Данат Жуминнің жазбасында.

Сонымен қатар, ол халықтың үлкен ағымымен жұмыс істеу барған сайын қиындап бара жатқанын алға тартқан.

«Мемлекеттік органдар, бизнес, қала тұрғындары мен өзге өңірлерден келген еріктілер қолдарынан келгенше көмектесуде, келгендерді жатын орынмен, ауыз сумен, тамақпен, киім және өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етуде. Қала әкімдігінің барлық қызметкерлері жұмылдырылды. Олардың негізгі жұмысын ешкім алып тастаған жоқ, жергілікті халыққа қызмет көрсетулерін жалғастыруда. Көшелер жинастырылуда, қоқыстар шығарылуда, қоғамдық көлік жұмыс істеуде, түрлі мәселелер бойынша халықтың өтініштері де қаралуда, инвесторлармен кездесулер жалғасуда және маслихат отырыстары...», - деп жазды Данат Жумин.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Арыстағы төтенше жағдайда зардап шеккен халықтың бір бөлігі Шымкенттегі Темірлан тас жолын бөгеп, наразылықтарын білдірді. Олармен кездескен Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Арыс қаласын қалпына келтіру Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес Үкіметтің тұрақты назарына алынғандығын мəлімдеді.

Бұдан басқа, бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев зардап шеккендермен кездесіп, Арыс тұрғындарының ертеңнен бастап көшірілетінін хабарлады. Сонымен қатар, аймақ басшысы тікелей эфирде көшірілу тәртібімен бөлісті.



Өзгелердің жаңалығы