Шымкентте әскери қызметкерлерге пәтер берілді

6 Мамыр 2019, 18:55
2816
Бөлісу:
Шымкентте әскери қызметкерлерге пәтер берілді

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскери қызметкерлер баспаналы болды. Осы күні 30-дан астам әскери қызметкерге Тұран шағынауданынан салынған көпқабатты үйлерден пәтер кілті берілді.

Бұл пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылатын «Әскери баспана» бағдарламасы аясында беріліп отыр. Осы бағдарлама аясында елімізде тұрғын үй төлемдерін алатын 75 мың әскери қызметкер болса, олардың 7500-і Шымкент қаласы және Түркістан облысында қызмет етеді. Баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысып отырған әскери қызметкерлердің өз баспанасы болмаған. 

"Елімізде 2018 жылдан бері әскери қызметкерлерді тұрғынжаймен қамтамасыз ету бойынша арнайы бағдарлама бар. Қазіргі Тұран шағынауданында 9 қабатты 12 тұрғын үй болса, мұндағы жалпы пәтер саны 840 пәтерді құрайды. Соның бес жүзден астамына қоныстанушыларды орналастырдық. Қазіргі таңда төмендетілген пайызбен арнайы бағдарлама бойынша әскери қызметкерлер пәтер алады. Алғашқы жарнасы 15 пайыздан асады, ал пайыздық мөлшерлемесі 8 пайызды құрайды. Несие 18 жылға дейін беріледі. Қазір 30 шақты әскери қызметкерге кілтін табыстадық. Тағы 50 шақты әскери қызметкердің өтінімдері қаралып жатыр. Пәтердің шаршы метрі 183 495 теңгені құрайды. Қазіргі таңда Шымкенттегі пәтер бағаларына қарасақ, ең төменгі баға деп есептеуге болады. Мұнда 1-2-3 бөлмелі пәтерлер бар", - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Шымкент қаласындағы филилалының директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов. 

Аталған пәтерлерді алған әскери қызметкерлер Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінде қызмет етеді. Осы әскери бөлімнің командирі, Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовтың айтуынша, бұл мемлекеттің әскерилерге жасап отырған үлкен қамқорлығы екен.

"Мемлекеттің әскерилердің баспаналы болуына көмек беруі – Отан алдындағы борышын өтеп жүргендерге қамқорлығын білдіреді. Бүгін 12 адам пәтер алса, бұған дейін баспана алғандары көп. Барлығы 36 офицер мен келісімшарт бойынша қызметшілер пәтер алады. Өзім де баспана кезегінде тұрдым. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» талаптарын орындап, кезекте тұрып, міне пәтерлі болып отырмын. 3 жылдан астам уақыт пәтер кезегінде тұрдым. Төлеу мақсаты – Үкімет тарапынан төленетін бағдарлама арқылы жүзеге асады", - дейді 6506 әскери бөлімінің командирі, полковник Қайрат Үмбетов.

Өзгелердің жаңалығы