Шымкентте ShymQala мобиль қосымшасы іске қосылды

30 Қаңтар 2019, 16:10
3837
Бөлісу:
Шымкентте ShymQala мобиль қосымшасы іске қосылды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте қоғамдық көліктердің қай жерде келе жатқанын көрсететін ShymQala мобиль қосымшасы іске қосылды. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев хабарлады.

 ShymQala мобиль қосымшасына қалаішілік автобус бағыттарының бәрі енгізілмеген. Әзірге тек 9 бағыт бойынша автобустардың келе жатқан орнын көруге болады.

«Қазіргі таңда Шымкентте 79 қоғамдық көлік бағыты бойынша 1123 автобус қатынайды. Қаланың қоғамдық көлік қатынасында 27 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Ал ShymQala мобиль қосымшасы осы аптаның басында іске қосылды. Қалаішілік №141, 147, 147А 148А, 148Б («T-BUS» ЖШС-іне тиесілі бағыт), 102ША («М и Р и CO» ЖШС), 109ША, 118ША («Сигма» ЖШС), 26 («Ман-Онтустик») бағыттарына пилоттық режимде енгізілді. Бір айдай сынақ режимінде жұмыс істейді. Қосымшаны жасаушылар осы аралықта әрмен қарай дамытып, толықтырады. Барлық тасымалдаушы компанияларға тиесілі бағыттарда қосылады. «Жыл ортасына дейін аяқталады» деп жоспарлап отырмыз. Қосымшаны телефонға орнатқанынан кейін, экранына автобустар белгіленген карта шығады. Өзіңізге қажет бағыттың үстін түртіп, автобус жолын және оның қай жерде келе жатқанын көресіз. Бұл өз кезегінде аялдамада ұзақ уақыт тұрып қалу мәселесін жеңілдетеді. Қаладағы қоғамдық көліктерге GPS құрылғы орнатылған. Сол арқылы диспетчерлік орталықпен бірлесе орындарын анықтайды», - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев.

Оның сөзінше, алдағы уақытта мобиль қосымшаның функциясы жаңартылып, пайдаланушыларға ыңғайлы етіп жасалады.

ShymQala мобиль қосымшасының Android жүйесіне арналған сынақ нұсқасын Google Play дүкенінен жүктеп алуға болады. iOS жүйесіне арналған нұсқасы әзірленіп жатыр.

Жәнібек НҰРЫШ
Өзгелердің жаңалығы