Қарқынды терапияға қарамастан, жүрегі тоқтады – Басқарма Шымкентте көз жұмған науқас туралы

5 Сәуір 2020, 15:19
1886
Бөлісу:
Қарқынды терапияға қарамастан, жүрегі тоқтады – Басқарма Шымкентте көз жұмған науқас туралы

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. 5 сәуірде Шымкент қаласында COVID-19 коронавирусы індетінен бір науқас қайтыс болды. 1964 жылы туған ер адам Түркістан облысының Мақтаарал ауданы Атакент ауылының тұрғыны екен. Ол халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізуші болып жұмыс істеген. 

Бұл туралы Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев хабарлады. 

Ер адам соңғы аптада Ресейден Мәскеу-Ақтөбе-Қызылорда-Шымкент-Алматы бағыты бойынша 1988 жылғы ұлымен бірге келе жатқан жолда денсаулық жағдайына, дене қызуының жоғарылауына шағымдары болған. 3 сәуірде Шымкент қаласы Темірлан тас жолында денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты өзі жедел жәрдем шақырып, сағат 10-00-де жедел медициналық жәрдем көлігімен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында консилиум жүргізілді. "Сол жақ полисегментарлы пневмония, 2-3 сатылы жедел тыныс жетіспеушілігі, 2-типті қант диабеті" диагноздары қойылды. 3 сәуірде коронавирусты инфекцияға сынақ алынып, оң нәтиже анықталды. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен кезден бастап науқастың жағдайы өте ауыр болған, жасанды желдету аппаратына қосылған. Қарқынды терапия жүргізілуіне қарамастан, жүрегі тоқтаған. 2020 жылы 5 сәуірде  сағат 03-50 минутта қайтыс болу фактісі тіркелді, - деді Әбдіманап Төлебаев.   

Қарым қатынастағы болған ұлы қазіргі уақытта ол Алматы қаласында стационарлық карантинге оқшауланған. 

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауованың айтуынша, науқасқа емдеу хаттамаларына сәйкес қажетті ем шаралары жүргізіліп, жағдайының ауырлығына байланысты реанимация бөлімшесіне жатқызылған. Сонымен қатар, Республикалық мамандармен біреше рет кеңес жүргізілген. 

Күшейтілген реанимациялық көмекке қарамастан, азамат аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Науқастың бұған дейін бірқатар қосалқы ауруы, атап айтқанда: қант диабеті, артериалды гипертензиясы болған екен. Сондай-ақ, бір жыл бұрын туберкулез диагнозымен ауруханада ем қабылдап шыққаны анықталды. Марқұм азаматтың денесі эпидемиологиялық қарсы сақтау режиміне сәйкес жерленеді, - деді Айгүл Бекбауова.   

Айта кетсек, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі №30 қаулысының 8-қосымшасына сәйкес жергілікті атқарушы орган қайтыс болған адамның мәйітін көмуді Шымкент қаласының ТКҚСБД-мен келісім бойынша ұйымдастырылады. 

Сонымен 5 сәуірдегі жағдай бойынша Шымкент қаласындағы 6 ошақта коронавирус жұқтырған 14 адам тіркелген. Олардың 10-ы басқа байланыста болған. 12 науқастың жағдайы тұрақты, 51 жастағы пациенттің жағдайы ауыр екен. 

Тіркелген барлық жағдайлар бойынша 327 байланыста болғандар, оның ішінде 177 "жақын" және 150 "потенциалды". "Атамекен", "Мейірім" карантиндік стационарларында, №2 қалалық аурухана (екі бөлімше) 274 адам, үй карантинінде 53 адам бар. Карантиндік стационарлардағылардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жалғасуда, - дейді Әбдіманап Төлебаев.

Өзгелердің жаңалығы