Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық жеңімпаздары анықталды

4 Маусым 2019, 19:41
5252
Бөлісу:
Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық жеңімпаздары анықталды
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Шымкентте "Мерейлі отбасы" Ұлттық байқауының қалалық кезең жеңімпаздары анықталды. Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастырған "Мерейлі отбасы" Ұлттық байқауының қалалық кезеңі қатысушыларын марапаттау қалалық Жастар ресурстық орталығында өтті. Барлығы 16 отбасы қатысқан қалалық кезеңде екі отбасы республикалық кезеңіне қатысуға жолдама алды.

Байқау шарты бойынша Шымкенттің төрт аудан әкімдігі сәуір-мамыр айларында қала тұрғындарынан өтініш қабылдады. Нәтижесінде байқауға қатысуға барлығы 40 отбасы ниет білдіріп, құжаттарын тапсырды. Былтырмен салыстырғанда биыл байқауға көпбалалы отбасылар мен жас отбасылар былтырмен салыстырғанда екі есе көп қатысты. Барлық қатысушылар – түрлі салаларда жетістікке жеткен көпбалалы отбасылар, интернационал отбасылар, еңбек және педагогикалық әулеттер болды.

Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына байланысты биыл байқаудың екінші кезеңі алғаш рет ұйымдастырылды. Құжат тапсырған 40 отбасының арасынан анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер, барлығы 16 отбасы байқаудың екінші кезеңі, яғни қалалық кезеңіне қатысты.

Байқау қатысушыларын іріктеу жөніндегі байқау комиссиясы Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сүттібайұлы Сермаңызовның отбасыларын жеңімпаз деп таныды.

Жеңімпаз 2 отбасына байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілді. Енді екі отбасы алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласын таныстырады.

Байқаудың қалалық кезеңінен жеңіске жеткен белгілі жазушы Шойбек Орынбай отбасында Оңтүстік өңіріне белгілі адамдар бар. Шойбек Орынбайдың жары Асхан Майлыбаева да оңтүстікке есімі мәлім журналист. Бүгінгі байқаудың марапатына әулеттің келіні мен немерелері келді.

Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық жеңімпаздары анықталды

"Үйдің үлкендерінің атынан келіп отырмыз. Мен қара шаңырақта отырған үлкен келінімін. Әр отбасы татулықтан, сыйластықтан тұрады. Отбасы тату болса, ырыс-береке орнайды",- дейді Шойбек Орынбай отбасының келіні Таңсұлу Оразбекқызы.

Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық жеңімпаздары анықталды

Және бір жеңімпаз – Нұрболат Сүттібайұлы Сермаңызовтар отбасының отағасы Нұрболат «мерейлі отбасы» ұғымын отбасы бақытымен байланыстырады.

"Мерейлі отбасы дегеніміз – ата-ана мен баланың бақытты болуы. Ата-ана да бала да алдағы мақсаттарына бірге жетсе, отбасына бақыт. Отбасы бақытты болса ол отбасы да мерейлі. Менің отбасым – Отаным", - дейді Нұрболат Сермаңызов.

Ұлттық байқаудың екінші кезеңі финалистерін Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері басқармасының басшысы Жандос Қалтаев марапаттады.

"Қазіргі таңда отбасы құндылығы мәселесі дәріптеліп, үлкен деңгейде қаралып отыр. Жоғарғы сот тарапынан «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жүріп жатыр. Шымкент қаласы әкімдігі да отбасы, балалар және жастар басқармасын құрды. Байқау жеңімпаздарын анықтауда ата-ананың бір-бірімен қарым-қатынасы, ұзақ уақыттан бері бірге өмір сүріп, ортақ перзент сүйіп, перзентіне үлгілі тәлім-тәрбие беріп, әрбір баласы түрлі үйірмелерге қатысып, сол саладағы жетістіктерін көрсетіп, жас ерекшелігіне қарамай, мәселен, мектеп жасына дейінгі бала болса да өзінің арнайы жетістігі бар, балаларының марапаттары бар, соның барлығын дәлелдерімен келтіруіне мән береді. Мысалы, Шойбек Орынбай отбасының ұлы Шапағат Орынбаев өнер саласында, Жайдарман ойындарында танылып, кино түсіру, клип түсіру жағынан да танылып жатыр. Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген жақсы сөз бар. Бұл жерде ата-ана баласын қалай тәрбиелейді, балалары сол отбасында алған тәлім-тәрбиесімен үлен өмірде жетістікке жетеді, танылады, отбасын танытады",- дейді Жандос Қалтаев.

Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық жеңімпаздары анықталды

Байқауға қатысушыларды марапаттау жалпы естелік фото және мерекелік концертпен аяқталды.

Айта кетсек, "Мерейлі отбасы" Ұлттық байқауы жыл сайын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру, отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту, отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау және көрсету мақстаында өтеді.


Өзгелердің жаңалығы