Шымкентте құны 23 млрд теңге тұратын зауыт іске қосылады

29 Қыркүйек 2021, 14:46
1803
Бөлісу:
Шымкентте құны 23 млрд теңге тұратын зауыт іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Шымкентте құны 23 млрд теңге тұратын зауыт іске қосылатынын мәлімдеді.

«Qaz Carbon» зауыты ферроқорытпа шығаратын тағы бір зауыт салды. Бұл зауыттың қуаттылығы 58 мың тоннаны құрайды. Бұл зауыт ферросилиций өндіреді. Былтыр да Қарағандыда осындай жаңа зауыт іске қосылған болатын. Нәтижесінде Қазақстан ферроқорытпа, оның ішінде ферросилиций бойынша әлемде 30-орыннан ірі өндіруші елдер қатарына қосылды, - деп айтты ол.

Айтуынша, ферроқорытпа бойынша да ауқымда жобалар бар. Осы жобаның барлығы іске асқан соң Қазақстан ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде 3-орыннан 2-орынға шығады.

Сондай-ақ биыл Шымкентте алюминий банкасын шығаратын жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұндай жоба тек қана бізде емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерін алғанда алғашқы зауыт болмақ. Ол - тамақ өнеркәсібіне арналған алюминий банкаларын шығаратын жоба. Оның құны 23 млрд теңге, - деп түсіндірді вице-министр Марат Қарабаев.

Вице-министр 5 жыл ішінде іске қосылатын жобалар саны 500-ден асатынын айтты. Бұл жобалар іске асқанда ел экономикасына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартып, 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

Бұл жобалар іске асырылғаннан кейін елге импортталатын 50-ден астам тауардың көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, 500 жобаның шамамен 200-і экспортқа арналған. Бұл жобалар да іске қосылғанда елдің экспорттық әлеуеті артып, толыққанды өңдеу өнеркәсібіне шыққанда 6 млрд АҚШ долларынан астам экспорттық тауар береді, - деп айтты ИИДМ басшысының орынбасары.
Өзгелердің жаңалығы