Бас жаңалықтар
Шымкентте көпбалалы отбасыларға 3000 пәтер салынады
12 Сәуiр 2019, 10:43 936

Шымкентте көпбалалы отбасыларға 3000 пәтер салынады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте барлығы 2108 көпбалалы ана баспана кезегінде тұр. Оларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 3000 пәтер салынады. Бұл туралы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов шымкенттік тұрғындармен кездесуінде мәлімдеді. Жиын вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобының Шымкентке сапары барысында өтті.

Мархабат Жайымбетовтың сөзінше, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеті. Ал халық саны өскен сайын, өз баспанасына деген мұқтаждық артады.

«Айта кетуіміз керек, елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, соның 28126-сы әкімдіктерде баспана кезегінде тұр. Бұған дейін көпбалалы отбасыларға жылына орташа есеппен 600 пәтер берілсе, биылдан бастап Елбасы тапсырмасына сәйкес, 6000 пәтер беріледі. Жеті жыл ішінде 40 мыңнан аса пәтер иесін табады. Осы мақсатта жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді. 7 жыл ішінде 300 млрд теңгеден астам қаржы жалдамалы баспана салуға жұмсалады. Ал Шымкент қаласында жыл сайын 3,7 млрд теңге, яғни 450 пәтер салынады. 7 жыл ішінде 26,2 млрд теңге бөлініп, көпбалалы отбасыларға 3000 пәтерді пайдалануға беру жоспарымыз бар», - деді Жайымбетов.


Фото: автордан

Оның айтуынша, биыл Шымкентте 904 пәтерді табыстау жоспарланса, соның 540-ы бірінші жартыжылдықта беріледі.

«Ал енді әкімдіктің кезегін күтпей, «меншігіме пәтер аламын» деген азаматтар болса, Елбасы тапсырмасына сәйкес, алғашқы жарнасы 10%, үстемесі 2%-дық ипотека ресімдейді. Бұл пәтерлерді көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек баласы бар отбасылар алады. Мысалы, 8 млн теңге займ алсаңыз, 8 жыл бойына ай сайын 42 мың теңге, сосын 11 жыл 27 мың теңгеден төлейсіз. Бұл енді жағдай көтеретін шара деп ойлаймыз. Қазір Nur Otan партиясының қабылдау бөліміне келушілердің 80-90%-ы баспана мәселесіне қатысты екенін ескерсек, мұнымыз қолайлы ұсыныс болатынына сенеміз», - дейді төраға.

Осы орайда алғашқы жарна мәселесі қалай болады деген сұрақ туындайды. Мұны шешу үшін мемлекет тұрғын үй сертификатын енгізді. Енді сол тұрғын үй сертификатын алып беруге әкімдіктер де кәсіпкерлер де тартылады.

«Жергілікті атқарушы органдар 70-20-25 бағдарламасы бойынша дәрігерлерге, мұғалімдерге, полиция қызметкерлеріне, басқа да бюджет қызметкерлеріне бере алса, бұдан басқа жеке кәсіпкерлер, үлкен кәсіпорын өкілдері көмектеседі. Мысалы, Қызылордада сол өңірдің тумасы Болат Өтемұратовтың қолдауымен 100 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Маусым айында пайдалануға беріледі», - деді ол.

Осы орайда «Займ алғанда азаматтардың табысы қандай болуы керек?» деген сұрақ туындайды.

«Мысалы, 12 млн теңгелік займ алса, табысы 88 мың теңге болуы керек. Сол кезде 8 жыл ай сайын 63 мың теңгеден, содан кейін 11 жылда 44 мың теңгеден төлейді. Бұған көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгелек баласы бар отбасылар қатыса алады. Қазір елімізде 104 мың толық емес отбасы баспана кезегінде тұр. Ал табысы көп азаматтар қатыспасы үшін шектеулер бар. Мысалы, алты адамнан тұратын отбасы болса, үйге келетін табысы 255 мыңнан, жеті адамнан тұратын отбасы болса, 297 мың теңгеден аспауы тиіс. Бір адамға шыққанда 42 500 теңгеден аспау керек. Тағы бір жәйт, 5-6 млн азамат, тұтынушы несие алған. Ай сайын төлейді. Банкке алған қарызыңызды қайтаруыңыз керек. Егер сіз 6 млн теңге займ алсаңыз, онда табысыңыз 56 500 теңгеден кем болмайды. Тұтынушы кредитке төлесеңіз, онда 76 мың теңгеден кем болмауы керек», - деді Мархабат Жайымбетов.

Оның сөзінше, содан кейін банкке соңғы алты айдағы табысты растайтын құжат, займ алушының меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ екені жөнінде құжат өткізеді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық