Шымкентте автобустарға электронды билет жүйесі енгізіледі – Әбдірахымов

15 Ақпан 2019, 18:50
2172
Бөлісу:
Шымкентте автобустарға электронды билет жүйесі енгізіледі – Әбдірахымов

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент әуежайында жаңа терминал ашылады. Темір жол вокзалы қайта жөндеуден өтеді. Қаланың қоғамдық автопаркі 1000 автобуспен толығады. 


Электронды билет жүйесі енгізіледі. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарған жұмыстары бойынша халық алдындағы есеп беру кездесуінде аталған жұмыстардың қашан жүзеге асатынын айтып берді.

Шымкенттегі қоғамдық көлікті жаңарту үшін қала әкімдігі Қазақстанда жасалған 1000 автобус сатып алады. 

«Оның 300-і биылдың маусым айында, қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі. Осы 1000 автобус қалаға әкелінген кезде қоғамдық көлік саласындағы мәселенің барлығы шешіледі. Алдағы жаздан бастап қоғамдық көліктерге электрондық билет жүйесі енгізіледі. Бұл бір жағынан көлік компанияларының жұмысын реттеуге, екінші жағынан графиктерінің сақталуына жағдай жасайды. Қала тұрғындары қоғамдық көлікпен өте ыңғайлы, рахаттанып жүретініне сенемін» деді Ғабидолла Әбдірахымов.

 Сондай-ақ, «SСAT» әуе компаниясы Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысын салуды бастады.

«Терминал құрылысы келесі жылы аяқталады. Ауданы 35 мың шаршы метр, үш қабатты өте үлкен терминал болады. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Шымкент – Дубай» бағытында тікелей әуе рейсі ашылды. Енді «Шымкент – Қазан» бағытында әуе рейсін ашу жұмыстарын ашамыз. «SСAT» әуе компаниясы жаңа ұшақтар сатып алып жатыр. Шымкенттен басқа қалаларға да, атап айтқанда Еуропаның қалаларына әуе рейстері ашылады. Сол кездеқала тұрғындары Астана, Алматы арқылы емес, Шымкенттің өзінен жан-жаққа ұша алады»-деді Ғ. Әбдірахымов.

Әуежайдан бөлек, темір жол вокзалы және автомобиль жолдарына да қатысты құрылыс жұмыстары қолға алынған.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы Шымкент темір жол вокзалын қайта құрудан өткізеді. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленіпті. Алдағы жазда құрылысы басталып, келер жылы аяқталады. Бұған қоса құны 23 млрд теңге, ұзындығы 31 шақырым «А-2» айналма жолын қайта құруды және құны 21 млрд, теңге ұзындығы 21 шақырым Ташкент бағытындағы даңғыл құрылысын бастадық. Тағы 4 көпір салынып жатыр. Жыл соңына дейін бітеді. Биыл Байтұрсынов көшесін (3,4 км) орташа жөндеу жұмыстары және Адырбеков көшесін (3,7 км)қайта құру жұмыстары басталады»-деді Шымкент әкімі.

Шымкентте жол қозғалысына қадағалауды күшейтіп, қауіпсіздікті жетілдіру үшін «Сергек» пилотты жобасы аясында қала көшелеріне 104 камера қойылған.

 

Жәнібек НҰРЫШ

фото автор

Өзгелердің жаңалығы