Шымкентте Ассамблея мүшелері референдумның маңызына арналған жұмыс жиынын өткізді
PHOTO
12 Мамыр, 13:07 536

Шымкентте Ассамблея мүшелері референдумның маңызына арналған жұмыс жиынын өткізді

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Конституция реформасы бойынша республикалық референдумның маңызын талқылады. 

Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өткен жұмыс жиынында Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі төрайымының орынбасары Артықбай Базарбайұлы Үсембай, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Қаймаханұлы Асанов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық өкілдігінің жетекшісі Нұрболат Мейірбеков сөз сөйледі.

Жиынды жүргізіп отырған Батырбек Жалмұрзаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жуырда өткен ХХХІ сессиясында елдегі соңғы өзгерістерге байланысты Конституциялық реформалар бойынша республикалық референдум өткізу жөніндегі шешімін жариялағанын айта келе, «5 маусым күні өтетін республикалық референдум еліміз үшін ауқымы кең тарихи оқиға болатынын» атап өтті.

Референдум қорытындысының негізінде ел Конституциясының үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер мемлекеттің одан әрі дамуының бағыт-бағдары болып айқындалады. Бүгінгі жиынымыз осы саяси науқанның елдік маңызын, қоғамдық мәнін және әрбір азамат үшін қандай құқықтық кепілдер беретінін ұғынуға арналады, — деді Батырбек Жалмұрзаев. 

Ол Қазақстандағы саяси жүйенің өзгеруін қалайтын әрбір азамат үшін Президент жариялаған республикалық референдумға қатысу үлкен мүмкіндік екенін айтып, бұған дейін Ата Заңға бірнеше рет өзгерістер енгізіліп келсе де, ол туралы халықтың пікірі сұралмағанына тоқталды.

Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұстанымымызды білдіру — әрқайсымыздың болашақ ұрпақ пен Отан алдындағы маңызды борышымыз. Конституцияға енгізілетін өзгерістерде азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейту шаралары ерекше орын алады. Жыл басындағы қаңтар оқиғалары бұл сала түбегейлі жаңғыртуды талап ететінін көрсетті. Мемлекет басшысы еліміздің шын мәніндегі құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуында Негізгі Заңға бірқатар нормалар енгізуді ұсынды. Соның ішінде негізгілері — Конституциялық Сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін Конституция мен Конституциялық заң деңгейінде күшейту , Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру принциптері қамтылған. Прокуратура туралы Заңға конституциялық мәртебе беріледі. Сонымен қатар, Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынбақ. Тұтастай алғанда, Конституциялық реформалар бойынша референдум Қазақстанда жаңа саяси, қоғамдық, құқықтық, жүйені іске асырудың іргетасын қалап береді деген ойдамыз, — деді Жалмұрзаев. 

Ол жиынға жастар қатысып отырғанын айтып, «қолға алынған өзгерістер де бүгінгі және келешек ұрпақтың қамы, елдігіміздің ертеңі үшін жасалып отыр» деп білеміз деп, жастарға сөз арнады. 

Айналайын жастар, өмірлеріңізде тұңғыш мәрте осындай саяси науқанға қатысасыздар. Болашақтарың өз қолдарыңда. Белсенді болыңыздар, сендердің қолдарыңда үлкен күш бар. Бұл күш — ерік, жігер, қайрат. Референдумға ерікті түрде қатысып, көзқарастарыңды жігерлі түрде қорғаңдар, сол өзгерістерді іске асыруда қайратты болыңдар. Бұл біздің ағалық ақылымыз, жол сілтеуіміз деп түсініңдер, — деді Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары. 

Жұмыс жиынында басқалар да адам сөз алып, референдум туралы пікір айтты.

Бәрінің ортақ пікірін: «Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Жаңа Қазақстан құру жолындағы саяси реформалардың ең басты қағидаты — тиімді әрі теңгерімді мемлекеттік жүйені құру. Референдум өткізу бұл саяси шешім ғана емес, ол — халықтың үнін, сан алуан көзқарасты білдіретін демократиялық қоғам құруға жасалған үлкен қадам. Әрбір азаматтың пікірі мен ойы, ұстанымы маңызды екенін білдіретін Мемлекет басшысының саяси жігері. Өзгерістер кезеңінде біз өз Президентіміздің жанынан табылуымыз керек. Жаңа Қазақстан өздігінен құрылмайды, оның іргесін әрбіріміз қалауымыз қажет. Шымкенгт қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері елдегі өзгерістерді қолдап, саяси белсенділік танытады деген сенімдеміз, – деген ой түйіндеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...