Шымкентте 77 725 адам атаулы әлеуметтік көмек алуы мүмкін – Сапарбаев

11 Сәуір 2019, 09:45
5885
Бөлісу:
Шымкентте 77 725 адам атаулы әлеуметтік көмек алуы мүмкін – Сапарбаев
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 сәуірден бастап есептелетін жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті алуға 830 мың азаматтың мүмкіндігі бар. Оның 77 725-і Шымкентте тұрады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Шымкент тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

ҚР Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы 10 сәуірден бастап Шымкентте жүр. Олар жұмыс сапарының бірінші күні Шымкент тұрғындарымен кездесіп, «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік іс-шаралар бастамасын түсіндірді. Осы кездесуде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та баяндама жасады.

1999-2002 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы және Шымкент қаласы) әкімі болған Бердібек Сапарбаев Шымкент жұртымен кездескеніне өте қуанып тұрғанын, Оңтүстік өңірі, Шымкент қаласының орны бөлек екенін айтты.

Осылайша, Елбасының "Nur Otan" партиясы XVIII съезіндегі «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамасы аясында тапсырмаларға рет-ретімен тоқталды.

                       Шымкентте 43 мың бюджеттік қызметкердің айлығы өседі

"Ең бірінші тапсырма, бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру. Жалақы орта есеппен 15-30%-ға көтеріледі. Олардың қатарына білім, денсаулық, спорт, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлері, сол мекемелерде қызмет ететін сантехник, ағаш ұсталары да кіреді. Бұған қоса, ауылдық, аудандық облыстық әкімдіктерде тікелей халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлердің де айлық жалақысы 25%-ға өседі. Біздің болжамымыз бойынша, ең кем дегенде 1 млн 100 мың қазақстандықтың айлығы көтеріледі. Оның ішінде 1 маусымнан бастап Шымкент қаласында 43 мыңнан астам қызметкерлердің айлығын көтеру жоспарланып отыр , - деді министр.


Шымкентте 77 725 адам атаулы әлеуметтік көмек алуы мүмкін – Сапарбаев

Оның сөзінше, мұғалімнің орташа жалақысы 1 маусымға дейін 79 мың теңге болса, 1 маусымнан бастап 96 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

"Тәрбиешілердің жалақысы 68 мыңнан 88 мыңға, дәрігерлердің жалақысы 108 мыңнан 141 мыңға дейін, оның ішінде медбикелер, санитариялық қызметкерлер бар, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 70 мың теңгеден 91 мың теңгеге дейін, әртістердің жалақысы 87 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін, кітапханашылардың жалақысы 77 мың теңгеден 96 мың теңгеге дейін, бухгалтер, статист, іс қағаздарын жүргізетіндердің жалақысы 15-30%-ға дейін көтеріледі" ,- деді Бердібек Сапарбаев.

                                         830 мыңның 80 мыңға жуығы шымкенттіктер
1 сәуірге дейін Қазақстандағы кедейлік шегі 14849 теңгеден белгіленіп келді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар да осы деңгеймен анықталды. Ал енді 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек алудың шарттары өзгерді. Кедейлік шегі 20789 теңгеге ұлғайып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% үлесіне жетті.

"Шарттары өзгергендіктен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың да саны артты. Біздің болжамымыз бойынша, жаңа атаулы әлеуметтік көмек, яғни 20789 теңге алатындардың саны 830 мыңға жетеді. Оның 77725-і Шымкент қаласының тұрғындары",- дейді Бердібек Сапарбаев.

"Егер отбасының айлық табысы жан басына шаққанда 20789 теңгеге жетпесе, онда сол отбасының әр баласына 18 жасқа толғанша 20789 теңгеден төленеді. Егер баласы 18 жасқа толғаннан кейін жоғары не арнаулы оқу орнына түссе, 23 жасқа толғанша төленеді. Оған қосымша, егер отбасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, әке-шешесіне қосымша 10 мың теңге жәрдемақы төленеді. Бұған дейін халықпен кездескенімізде түрлі жәрдемақыларды, әлеуметтік көмек түріндегі басқа да төлемдерді кіріс көзіне жатқызбауды сұрады. Сондықтан да 1 сәуірден бастап көпбалалы аналардың алатын жәрдемақысын, Алтын алқа, Күміс алқа ретінде алатын жәрдемақыны, мүгедек бала күтіміне төленетін жәрдемақыны, стипендияны кіріс көзінен алып тастадық. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Сіздерге түсінікті болу үшін, бір отбасы нақты қанша жәрдемақы алатынына мысал келтірейін. 4 баласы бар жалғызбасты ананың отбасын алайық. Бұл отбасы осыған дейін 63 мың теңге алып келсе, енді 1 сәуірден бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес 103 945 теңге алады. Оған қосымша анасына төленетін 10504 теңге бар. Сонда жалпы есептегенде 114 448 теңге болады. 1 сәуірге дейін алып келген атаулы әлеуметтік көмекпен салыстырғанда 65%-ға пайызға өсіп отыр. Тағы бір жайт, халықпен кездескенімізде зейнетақысын, қосымша шаруашылық табыстарын да кіріс көзіне алып тастауды талап етеді. Біз оны алдағы уақытта жұмыс барысында қараймыз",- дейді министр.

  

Сәуірдің соңына дейін әр отбасының әлеуметтік картасы жасалады
Қазіргі таңдағы өзекті мәселе – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға тапсыратын құжаттардың көптігінде болып отыр. Мұны «халықты әуре-сарсаңға салып қою» деп бағалаған министр осы кемшілікті жою үшін де «Е-халық» электрондық базасын мемлекеттік органдардың жүйелерімен қосу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

"Негізінен, келешекте тек жеке куәлікті ғана сұратамыз. «Е-халық» электрондық базасы дайын болғаннан кейін барлық жергілікті әкімдік азаматтарға қатысты қажетті мәліметтерді сол базадан алады", - деді министр.

Сонымен қатар осы «Е-халық» базасы негізінде әр отбасының әлеуметтік картасы да жасалады.

"Тағы бір үлкен мәселе, осы атаулы әлеуметтік көмекті ең мұқтаж отбасыларға беруіміз керек. Сондай отбасыларды анықтау үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әр отбасының әлеуметтік картасын жасап жатырмыз. Бұл жұмысты осы сәуір айының аяғына дейін аяқтаймыз. Сондай отбасыларды анықтағаннан кейін оларға қосымша көмек бере бастаймыз", - дейді Сапарбаев.

  

5050 мың теңгелік 10 000 грант беріледі
Министрдің сөзінше, мүгедек бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері 31 мың теңгеден 41 мың теңгеге өседі. Мұндай жәрдемақымен 100 мыңға жуық қазақстандық қамтылады екен.

"Ең негізгісі, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл отбасыларға жұмыс орнын ашып, өз кәсібін бастауына көмектесуіміз керек. Бұл үшін қосымша 10 000 грант береміз. Гранттар осындай отбасыларға беріледі. Сомасы 505 000 теңге болады. Оған қосымша отбасылардың кәсіп ашуына 5 000 шағын несие беріледі. Егер сондай отбасылардың үлкен зәкірлік жобалары болса 6 млн теңгеден 21 млн теңгеге дейін несие алады",- дейді министр.

Сондай-ақ, мүгедек бала күтімімен үйінде отырған аналардың кәсіп бастауына көмектесуге кәсіпкерлер де тартылады. Аналардың үйде отырып та еңбекке араласуына жағдай жасалады. 

Шымкентте 77 725 адам атаулы әлеуметтік көмек алуы мүмкін – Сапарбаев

"Бұл үшін жергілікті кәсіпорын басшыларымен кездесіп, олардан осындай отбасыларға көмектесуін сұрап жатырмыз. Көптеген аналар үйде отырып, киім тігіп, тағам пісіріп сатқысы келеді. Бірақ, тігін машинасы, не тағам пісіретін жабдықтары жоқ. Осы жағынан көмектесуін сұраудамыз" , - дейді Бердібек Сапарбаев.

Ол атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейтуді талап етушілердің де бар екенін мәлім етті.

"Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейтуге келсек, Елбасы Nur Otan партиясының XVIII съезінде бұл бағдарламаның 10 жылға арналғанын, кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Міне, бірінші кезеңі 1 сәуірден басталады. Әрі қарай жалғастырамыз. Соның бәрі әрине жүзеге асады. Халық пен билік бірлесіп жұмыс істесе сәтімен орындалады ", - деді Бердібек Сапарбаев. 



Өзгелердің жаңалығы