Бас жаңалықтар
Шымкентте 7241 оқушы лагерьге тегін жолдама алады
29 Мамыр 2019, 15:31 481

Шымкентте 7241 оқушы лагерьге тегін жолдама алады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шымкентте 7241 оқушы қаладан сырттағы жазғы лагерьлерде демалады. Олардың жазғы лагердегі демалысын ұйымдастыруға қала бюджетінен 220 млн теңге бөлінген. Мұны Шымкенттің білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айгүл Текебаева хабарлады.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының білім басқармасы оқушылардың жаз маусымындағы демалысын ұйымдастыруға қала сыртындағы 4 сауықтыру лагерімен келісімшарт жасаған.

Атап айтқанда, Шымкент мектептерінің оқушылары өңірдегі «Арман», «ЕркеМашат», «Үш бұлақ» және «Ақсу» жазғы сауықтыру лагерлеріне жіберіледі. Бұл төрт лагердің біреуі, яғни «Ақсу» лагері – Шымкент қалалық оқушылар сарайы балансында болса, қалған үшеуі мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетеді.

«Биыл лагерде демалатын балалардың саны былтырмен салыстырғанда көп. Өткен жылы Шымкентте 7000 оқушы жаз маусымында лагерле жолдама алды. Биыл лагерге тегін жолдама алатын бала саны 7241 оқушыны құрайды. Бірақ біз балаларды тек қала сыртындағы лагерлерге жіберуімен шектелмейміз. Барлық мектептің жанына мектепалды алаңдары жұмыс істейді. Бұдан бөлек, балаларға мәдени-танымдық экскурсиялар және түрлі ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар Оқушылар сарайында үйірмелер балаларды қабылдайды. Аула клубтары мен спорт секциялары да жұмыс істейді»,-дейді Айгүл Текебаева.

Жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдаманы төрт түрлі санаттың біріне ілінген отбасының балаларына береді. Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болғандар, яғни жетім және әлеуметтік қамсыздандыруға жататын отбасының балалары, жан басына шаққандағы айлық табысы 20789 теңгеден аспайтын отбасының балалары, мектептегі арнайы комиссияның оң шешімін алған балалар мен төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемге мұқтаж отбасының балалары лагерге тегін жолдама алады. Жолдаманы беру, яғни құжат ресімдеу барысында сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін құжат қабылдаудың жаңа жүйесі қолданысқа енгізілген.

Қажет құжаттардың барлығын тұрғылықты мекенжайы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығында қабылдайды. Бұған бес түрлі құжат енеді.

Біріншіден, ата-анасынан атынан жазылған өтінім,

екіншіден, ата-анасының жеке куәлік көшірмесі,

үшіншіден, лагерге баратын баланың туу туралы куәлік көшірмесі,

төртіншіден, баланың денсаулығын анықтайтын медициналық анықтамасы және

жоғарыда аталған санаттардың бірі бойынша мәртебесін дәлелдейтін құжат көшірмесі қажет.


Фото: автордан

Сізден жаңалық