Бас жаңалықтар
Шымкентте 30 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді
30 Мамыр 2019, 13:42 572

Шымкентте 30 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бергендердің саны 50 мың отбасыдан асты. Қазіргі таңда олардың 30 мыңнан астамына атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дария Ордабаева хабарлады.

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түріне құжат қабылдаудың басталғанына екі ай болды. Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны алдын жоспарланған шамадан асты. Өткен жылы Шымкентте 10 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілсе, биыл жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны бірнеше есе өсіп отыр.

"1 сәуірден бері Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алуға 51 571 өтініш қабылданды. Соның 33 110-ы комиссияның тексеруінен өтіп, 31169 өтініш бойынша оң шешім шығарыды. Ал 1941 өтініш кері қайтарылды. Әзірге барлығы 30898 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді. Қалғандарының да есепшотына аударып жатырмыз", - деді Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дария Ордабаева.

Ал Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, 1 сәуірге дейін атаулы әлеуметтік көмекті алып келген 4867 адамның құжаты автоматты түрде жаңа форматқа өткен. Демек, 1 сәуірден бері құжат өткізіп, комиссияның тексеруінен өтіп, оң шешімін алған отбасылардың барлығына да атаулы әлеуметтік көмек түгел төленеді.

Сондай-ақ, бұған дейін шартты атаулы әлеуметтік көмек алу үшін әр 6 айда құжат өткізіп келсе, енді жылына 1 рет өткізеді. Ал шартсыз көмек 3 айдан 6 айға ұзартылды.

Сондай-ақ, төлеу тәртібіне де өзгешелік енгізіліп, шартты көмек 3 айда бір рет төленетін болыпты. Әр тоқсанында 3 айдың төлемі қосылып түседі. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек 6 ай бойына әр айда есепшотқа түсіп отырады.

Дәл қазіргі таңда Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекке алуға барлық құжатты мына мекенжайларда қабылдап жатыр.

Абай, Еңбекші және Қаратау аудандарының тұрғындарынан Нұрсәт шағынауданы, С. Бәйтереков көшесі, 69 үй мекенжайында орналасқан «Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту орталығында», ал Әл-Фараби ауданы бойынша Республика даңғылы, 15 үй мекенжайындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығында» қабылдайды.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар санының артуы туралы осыған дейін хабарлағанбыз.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...