Шымкентте 248 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр – Бауыржан Мамыталиев

27 Шілде 2020, 20:25
5499
Бөлісу:
Шымкентте 248 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр – Бауыржан Мамыталиев

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясы кезінде еш тоқтамаған сала – тұрғын үй құрылысы. Қазір Шымкентте қанша тұрғын үй салынып жатыр, биыл қанша тұрғын үй пайдалануға беріледі? 

Осы және тағы басқа сауалдардың жауабын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев айтты. Бұл орынбасар Шымкент қаласының құрылыс басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы, қала құрылысын бақылау басқармасы мен жер қатынастары басқармасының жұмысын бақылайды.

 Мембюджет есебінен салынған 35 үй тапсырылады

 Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкент қаласының әкімшілік шекарасының аумағы - 116 280 гектар. Қала аумағы үш ауданға бөлінеді.

Абай ауданының аумағы - 49 мың гектар, Қаратау ауданы - 32 мың гектар, Әл-Фараби ауданы - 14 мың гектар, Еңбекші ауданы шамамен 20 мың гектарды құрайды. Қаланың ауыл шаруашылық жерлері шамамен 63 мың гектар болса, елдімекен жері – 32 мың гектарға жетеді. Өнеркәсіп, көлік байланысы, су ресурстары, орман қоры шамамен 12 мың гектар болса, 4 мың гектар резервтегі жер бар, - дейді Бауыржан Мамыталиев.

Оның айтуынша, Шымкент қаласында 1 млн шаршы метр, яғни 248 тұрғын үй салынып жатыр екен.

Соның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 78 көпқабатты үй салынып жатыр. Өткен алты ішінде мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 20 үй пайдалануға берілді. 8 үй әкімшілік-іскерлік орталық аумағында, тағы 12 үй Shymkent City-де орналасқан. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы 35 үй тапсырылады. Жалпы 2020 жылы бюджет есебінен салынған 3732 пәтер беріледі. Бұл пәтерлердің 448-і арендалық баспана болады. 3284 пәтер кредиттік бағытта беріледі. Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 44 үй салынып жатыр. Биыл 41 үй тапсыру жоспарланған. 7-20-25 бағдарламасы арқылы 1865 пәтер сатылады. Ал жеке инвесторлар есебінен 126 үй салынып жатыр. Биыл Шымкентте жалпы ауданы 612 мың шаршы метр, яғни 7560 пәтер болатын 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі, - дейді әкім орынбасары Мамыталиев.

 Негізгі құрылыс аймағы – Тұран шағынауданы

Әкім орынбасары айтқандай, Шымкенттегі құрылыстың басым бөлігі Асар-2, Shymkent City және Тұран шағынаудандарында жүріп жатыр екен.

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің негізгі даму аймағы – Тұран шағынауданы болып отыр. Бекітілген егжей-тегжейлі жоспарларға сәйкес аумағы 194 гектар 12 орамға бөлінген. 1 млн 300 шаршы метр немесе 384 үй түседі. Бұдан бөлек 6 мектеп, 10 балабақша, 37 коммерциялық нысан және 30 гектарлық этносаябақ салынады. Биыл 4 орамда құрылыс басталды. Қазір "Тұран" шағынауданында 42 үй салынып жатыр. Соның ішінде Президент жариялаған 5-10-20 пилоттық жобасы бойынша 1600 пәтерлі 25 үй пайдалануға беріледі, - дейді Мамыталиев.

Бауыржан Мамыталиевтің айтуынша, қазір Шымкентте 12 арендалық тұрғын үй салынып жатыр.

Ондағы пәтерлер саны - 804 пәтер. 12 арендалық тұрғын үйдің 8-і әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында, тағы 4 үй Тұран шағынауданында салынып жатыр. Әкімшілік іскерлік орталығында 448 пәтерлі 8 тұрғын үй желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек 8 миллиард теңгеге 696 пәтер сатып алынып, арендалық баспана ретінде беріледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, 1144 отбасы арендалық баспанамен қамтылады. Олардың 450-ы көпбалалы отбасылар, 394-і әлеуметтік осал топтар болады. Сондай-ақ, жұмыс істейтін 300 жас жалдамалы баспана алады. Арендалық баспана алу үшін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасына өтініш беру керек, - дейді Мамыталиев.

   Шымкенттегі құрылыс жұмыстарына 900 жұмысшы қажет

Жоғарыда айтылғандай, карантин шектеулері кезінде құрылыс мүлдем тоқтамады. Мамыталиевтің сөзінше, құрылыс материалдарын сатып алу мәселесі туындамапты.

Бетон, кірпіш, арматура сияқты материалдарды отандық тауар өндірушілерінен алып жатыр. Жағдай тұрақты. Нысандардағы жұмыстарда санитарлық талаптар сақталған. Мысалы құрылысшылар қорғаныш бетпердесі, санитайзер және термометрмен қамтамасыз етіледі. Дезинфекциялық туннелдер орнатылды. Құрылыс нысандарына барлығы 5 мың жұмысшы қажет. Қазір нақты 4100 адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 900-дей жұмысшыға орын бар. Құрылыс нысандарына жұмысшы қажет екені туралы хабарландыруларды әлеуметтік желілер арқылы беріп жатыр. Шымкент қаласының құрылыс басқармасына 8 (7252) 21-30-32, 21-30-48 телефондары арқылы хабарласып, бос жұмыс орындары туралы мәлімет біле аласыз, - дейді ол.

 8 мектеп пайдалануға беріледі

Тұрғын үй құрылысынан бөлек, әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқынды. Мәселен, қазіргі таңда Шымкентте 12 мектеп салынып жатыр.

5100 орынды 8 мектепті пайдалануға береміз деп отырмыз. Соның ішінде Самал шағынауданда 1200 орынды екі мектеп беріледі. Асар-2 шағынауданда 1200 орынды бір мектеп құрылысы аяқталады. Тағы 300 орындық тағы да бес мектеп беріледі. Қалған 1920 орындық 3 мектеп құрылысы келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек бюджет жүктемесін азайту мақсатында мектеп құрылысы Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жеке инвестиция тартып, мектеп құрылысын жүргізуді жоспарлаған. Осы мақсатта жеке инвестор есебінен 10 мектептің құрылысы жүргізіледі. Қалалық перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қалалық перзентханаға қарасты 6 корпуста жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазір 2 корпустың жөндеу жұмыстары аяқталды. Мердігер компания «Строи.ком «Прогресс» ЖШС-і ғимараттың күрделі жөндеуін осы жылдың қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жөндеу жұмыстарынан кейін ғимараттың материалды-техникалық жағдайы 100 пайыз жаңартылады, - дейді Бауыржан Мамыталиев.

 "Жер комиссиясының отырысын онлайн көруге болады"

Карантин шектеулері басталғалы жер комиссиясының отырысы онлайн-режимде өткізіліп жатыр.

Күні кеше жер комиссиясының 14-отырысы онлайн түрде өтті. Отырыс кезінде жер қатынастарына қарасты 165 өтініш қаралып, заңға сәйкес тиісті шешімдер қабылданды. Қазіргі таңда барлық комиссиясының отырысы онлайн режимде өтеді. Жер комиссиясының отырысын жергілікті Жер қатынастары басқармасының сайтынан (www.jerkatinasi.gov.kz) көруге болады, - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев.
Өзгелердің жаңалығы