Шымкент көшелеріне 2022 жылға дейін 100% атау беріледі

12 Тамыз 2020, 14:20
1285
Бөлісу:
Шымкент көшелеріне 2022 жылға дейін 100% атау беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер саласын дамыту мақсатында 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. 

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Онда 2022 жылға дейін қаланың құрамдас бөліктері мен атауы жоқ және қайталанатын көшелерге толығымен жаңа атау беру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру барысында қаланың мәдениеті мен өнерін шетелдерге таныстыру үшін басқа өңір мекемелерімен ынтымақтастық меморандумдарын жасасу қолға алынған. Бұл тұрғыда 2021 жылы "Түркі әлемінің Ұлттық Дельфий ойындары" өткізіледі деп күтілуде, - делінген хабарламада.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мамандарының айтуынша, тұжырымдаманың іске асуы нәтижесінде тұрғындардың мәдени іс-шараларға қатысуы 30%-ға артып, музейлер саны үшке, концерттік ұйымдар саны екіге, мәдениет сарайларының саны 12-ге дейін артады. 

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігі қамтамасыз етілген мәдениет нысандарының үлесі мен тұрғындардың мәдениет инфрақұрылымдарына қолжетімділігін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 

Бұдан өзге, тіл мәселесінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін – 94,3%, орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесін – 87,8%, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін – 24,4% арттыру көзделген.

Бұл тұжырымдамада қала тұрғындарының мәдени-тарихи, көркемдік-эстетикалық, рухани құндылықтарын жетілдірудегі негізгі бағыттар көрсетілген. 

Өзгелердің жаңалығы