Бас жаңалықтар
«Шымкент пен Түркістан бөлінгенімен, ел іргесі бөлінген жоқ» - Ерлан Айтаханов
PHOTO
10 Тамыз 2019, 12:30 980

«Шымкент пен Түркістан бөлінгенімен, ел іргесі бөлінген жоқ» - Ерлан Айтаханов

Шымкент қаласының əкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Шымкент пен Түркістан қалаларының мəртебесі өзгеруі – мұндағы халықтың рухани байланысына еш кедергі келтірмеу керегін айтты.


Аталған кездесу 9 тамыз күні өтті.

- Құлдыраған кез келген экономиканы аяққа тұрғызуға болады. Ал руханият бір
шайқалса, оның зардабы ғасырларға созылуы мүмкін. Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мəртебесіне ие болуы, Түркістанның облыс орталығы атануы – олардың арасына жік салу үшін жасалған жоқ, керісінше, оңтүстік өңірін заман талабына сай дамытуда жасалған қадам екенін жете ұғынуымыз қажет. Рухани байланыс – өте нəзік мəселе. Бұл тұрғыда жіберілген кішкентай қателік кешірілмейді. Бұдан былай еліміздің дамуына серпін беретін шараларды түркістандық ағайынмен бірлесе өткізейік,-деді Е.Айтаханов кездесу барысында.

Қала əкімі сондай-ақ, біраз уақыттан бері тоқтап қалған ауыл шаруашылығы өнімдері жəрмеңкелерін қайта жандандыру қажетіне тоқталды.

- Облыс пен қала бөлінгеннен кейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің дəстүрлі жəрмеңкесі де тоқтап қалды. Бұл тек төмен бағадағы азық-түлік сату ғана емес, халықтың көңілін серпілтетін ерекше əлеуметтік, мəдени іс-шара да еді. Адал еңбегі арқылы мол өнім алатын түркістандық еңбекқор шаруаларды Шымкент жұртшылығы сағынды. Өніміне артық ақша сұрамайтын қанағатшыл оңтүстік шаруаларын Шымқаламыздан көргіміз келеді. Сондықтан, Түркістан облысының шаруаларын Шымкентке қайта шақырамын. Келіңіздер, адал маңдай термен өсірген өнімдеріңізді бізге де саудалаңыздар. Бұдан екі жақ та ұтады,-деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ келер жылы əлем елдері «екінші ұстаз» атанған Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтеді. Айтулы датаға арналған іс-шаралар ғұламаның туған жері – Оңтүстік өңірінде аталып өтілмек. Қала басшысы мерейтойды Шымкентте де жоғары деңгейде өткізуді ұсынды.

- Ұлы ұстазға арналған іс-шараның ашылуын Түркістанда өткізіп, жабылуын неге Шымкентте өткізбеске?! Себебі əл-Фараби - Оңтүстік жұртына ғана емес, тұтас қазақ халқына, адамзатқа ортақ тұлға. Бұл Түркістан мен Шымкент тұрғындарының ортақ мерекесіне айналатын айтулы іс-шара болар еді,-деді Ерлан Қуанышұлы.

Оның айтуынша, тағы бір есте ұстайтын мəселе, келер жылы Шымкент – ТМД елдерінің мəдени астанасы болады. Осынау мерейді тасытып, үлкен жауапкершілік жүктейтін шараға түркістандық ағайындар атсалысып жатса, бұл шара біз күткендегіден де жоғары деңгейде өтер еді.
Кездесу барысында рухани құндылықтарды дəріптеу, оны жас буынға насихаттау жайы да сөз болды. Сонымен қатар жастар тəрбиесінде ұлт зиялыларының рөлі жайында келелі пікірлер ортаға салынды. Жиынға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, «мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрса» деген тілектерін жеткізді.

Айта кетсек, Шымкент қаласының əкімдігі осы кездесу барысында белгілі металлург Сатыбалды Ибрагимовтың дүниеден озғанын хабарлаған болатын.

«...Адал еңбегі арқылы мол өнім алатын түркістандық еңбекқор шаруаларды Шымкент жұртшылығы сағынды...»

Сатыбалды Ибрагимовтың соңғы фотосы (otyrar.kz тұжырымы бойынша)

Қала əкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпарда:

«Бүгін, қасиетті жұмада қазақтың аяулы ұлдарының бірі, тəуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан Сатыбалды Ибрагимов ағамыз өмірден озды. «Аяулы азамат» деген сөз жəй сөздің реті үшін ғана айтылып отырған жоқ. Ол саналы ғұмырында шын мəнінде өзінің қазақ деген ұлтының ұлы екенін дəлелдеп кетті. Тіпті Сатыбалды ағаның ең соңғы сөзінің өзі еліне арналды. Шымкент қаласының əкімі Ерлан Айтаxановтың зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде сөз алған аяулы аға бүгінгі қоғамға қажет мəселелерді қаузап отырып, жүрегі кенеттен тоқтап қалды» деп жазылған. Сатыбалды Тілемісұлы Ибрагимов 1940 жылдың 13 наурызында Сайрам ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымының докторы, ғалым, ҚР Парламенті Мəжілісінің экс-депутаты Украинада No8 кəсіптік-техникалық училищені (1959), Мəскеу қаласындағы П. Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін бітірген. Еңбек жолын Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевпен Теміртауда бірге бастап, отандық металлургияның өркендеуіне зор үлес қосты. Теміртау қаласындағы Қазақстан магниткасында болатқорытушы болып бастап, түрлі басшылық қызметтер атқарды. 1988 – 2000 жылдары «Қазақаймақ» фирмасының вице-президенті, «Кармет-Оңтүстік» фирмасының президенті, бас кеңсесі Лондон қаласындағы «Успатниттің» Теміртау қаласындағы өкілі, «Қазхром» компаниясының президенті қызметтерін атқарды. Еуроазиялық өндірістік ассоциация төралқасының мүшесі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...