Шығыс Қазақстан аудандарында ет-сүт бағыты дамымақ

14 Маусым 2019, 16:06
1968
Бөлісу:
Шығыс Қазақстан аудандарында ет-сүт бағыты дамымақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанның Бородулиха, Глубокое және Шемонаиха аудандарында өсімдік шаруашылығынан басқа ет-сүт бағыты дамымақ. Бұл жөнінде бүгін облыстық Мәслихаттың кезектен тыс ХХХ сессиясы барысында белгілі болды.

«Бородулиха, Глубокое және Шемонаиха аудандарындағы шекті (ең жоғары) мөлшерлерді есептеу кезінде жайылымдық алқаптардың жеткіліксіз көлемін, мал басын және мал шаруашылығын жүргізу үшін оңтайлы алаңдарды есепке алатын жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерді ескере отырып жайылымдарды қайта есептеу жүргізілді. Аталған аймақтарда өсімдік шаруашылығынан басқа ет-сүт бағыты дамитын болады», - деді облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, жер учаскелерінің шекті мөлшерін есептеу кезінде табиғи жағдайлар бойынша аймақтарда жер учаскелерін орналастыру, әкімшілік аудандар бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарының (егістік, шабындық, жайылым) аудандары, экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны, жайылымдардың сулануы сияқты өлшемдер ескерілген.

Естеріңізге салсақ, бүгін Шығыс Қазақстан облыстық Мәслихатының кезектен тыс ХХХ сессиясы өтіп, онда өңір бюджетіне, тұрғындарды ауызсумен жабдықтау кезінде жерүсті және жерасты су нысандарын пайдалану, ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті мөлшерін белгілеу, сондай-ақ Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы шекараларын өзгертуге қатысты бірқатар сұрақтар қаралған болатын.


Өзгелердің жаңалығы