«Шығыс адалдық алаңы» жобасы аясында жемқорлыққа тосқауыл қойылмақ

2 Наурыз 2019, 10:47
3208
Бөлісу:
«Шығыс адалдық алаңы» жобасы аясында жемқорлыққа тосқауыл қойылмақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Мектеп директорлары кабинеттерінің кең әрі жоғарғы қабатта орналасуы жемқорлыққа жол ашатын бірден бір фактор. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Өткен жылы құрылған «Астана адалдық алаңы» жобалық офисі бірнеше шараны іске асырған еді. Жобаның басты бағыттарының бірі білім беру саласы екені белгілі. Сол бағытта атқарылған үлкен бұмыстың бірі ретінде Астана қаласындағы орта білім ошақтарына жүргізілген мониторингті айтуға болады. Аталмыш мониторинг барысында көптеген мектеп директорлары өздеріне жайлы жағдай жасап, кейбірі тіптен демалыс, банкет өткізетін бөлмелері бар көлемі 100 шаршы метрге дейін жететін кабинеттерді иемденіп алғаны анықталды. Түсінемін Астана бұл үлкен әрі жаңадан салынып жатқан қала. Дегенмен, осыдан кейін орталық ведомство барлық өңірлерге мектеп директорларын нормаға сай 35 шаршы метрден аспайтын кабинеттерге көшіру жөнінде нұсқау берді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, осыдан кейін мектеп директорлары кеңсарай кабинеттерін босатып, тіпті бір мектептегі босаған кабинетке бүтіндей бір ІТ-сыныбы сыйып кеткен көрінеді. Келіп түскен нұсқауды қалалық білім бөлімімен талқылаған Департамент мамандары бір байламға келген.

«Өскемен қаласында барлығы 46 орта мектеп бар. Бірақ олардың барлығы кеңестік кезеңде салынған типтік мектептер. Осы себепті олардың көпшілігіндегі директор кабинеті 35 шаршы метрден аспайды. Тіпті кейбірінің 20-25 шаршы метрлік кабинеттерде отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар екінші, үшінші қабаттарда орналасқан мектеп директорлары кабинеттерін бірінші қабатқа түсірту жөнінде ұсыныс бердік. Бұл бірінші кезекте бұйымтайы болып келген адамдардың мектеп директорын тез табуы үшін істеліп жатқан шара», - деп қосты лауазымды тұлға.

Өзгелердің жаңалығы