Шығысқазақстандық шаруалар астаналық мамандардың көмегімен істерін ілгерілетуде

28 Қыркүйек 2020, 12:04
1168
Бөлісу:
Шығысқазақстандық шаруалар астаналық мамандардың көмегімен істерін ілгерілетуде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандық шаруалар өз бизнестерінің тиімділігін арттыру үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының «Аға сеньор» компонентін қолданып, астаналық мамандардың кеңестерін алуда.

Осындай шаруашылықтың бірі Ұлан ауданына қарасты Привольное ауылындағы «Б-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қожалық басшысы Данил Воропай көп жылдан бері ауыл шаруашылығы бағытындағы тұқым, өсімдіктерді қорғайтын құралдар, құрылғылар жеткізумен және топыраққа агрохимиялық зерттеулер жүргізумен айналысып келеді. Бизнесі жолға қойылғанымен ұжымының сауда-саттық, келіссөздер жүргізу бағытындағы машықтарын әлі де жетілдіруді ойлаған ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалына жүгініп, өтініш берген. Кәсіпкерлер палатасының мамандары оған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы «Аға сеньор» жобасының қызметін алуды ұсынды. Қажетті құжаттарды ресімдегеннен кейін Привольное ауылына астаналық Қуат Төлейханов есімді маман келіп, «Б-Агро» ЖШС-нің мамандарын сауда-саттықтың қыры мен сырына үйретті. 

Біздің компаниямызға сату бөлімінің жұмысын дұрыс жолға қою керек болды. Оның ішінде қазіргі сату жүйесіне аудит жасап, аталмыш бөлім мамандарының келіссөздер жүргізудегі машықтарын жетілдіру, қызметкерлерімізді тапсырыс түскеннен бастап келісімшарт бекіткенге дейінгі аралықта клиентті қолдап отыруға үйрету. Миссия барысында біз Қуат Батырханұлынан көп нәрсені үйрендік. Клиенттермен қалай жұмыс істеуді білдік. Алдағы уақытта осы біліміміздің көп көмегі болып, клиент тартуды және сауда көлемін ұлғайта аламыз деп ойлаймын, - дейді Данил Воропай. 

Астаналық маман оқуды «Сауданың 5 қадамы», «Сатып алушылардың психотиптерімен жұмыс істеу», «Ішкі мотивация», «Команда құру», «Компания құндылықтары», «Сауда-саттық көмейі», «Компания стратегиясы», «Сауда-саттық бағытындағы мақсаттар мен жоспарлар», «Презентация-тәжірибе» сияқты бірнеше модуль бойынша өткізді. 

Қоса кетсек, 2020 жылы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы «Аға сеньор» жобасы аясында тағы да осындай үш миссияны жүзеге асырмақ ниетте.


Өзгелердің жаңалығы