Шығыс Қазақстанда «Саламатты ана мен бала» айлығы жарияланды

11 Ақпан 2019, 21:11
4057
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда «Саламатты ана мен бала» айлығы жарияланды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен 12 ақпан мен 12 наурыз аралығында «Саламатты ана мен бала» айлығы жүргізіледі. Бұл жөнінде бүгін ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиуллинова хабарлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара көпбалалы аналарды қолдау кешенді бағдарламасы аясында төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында қолға алынып отыр.

«Айлық аясында өңірдің барлық аудан, қалаларындағы емханаларда және дәрігерлік амбулаторияларда әйелдер мен балаларды медициналық тексерістен өткізу, диспансерлеу жөнінде кешенді медициналық тексеру жұмыстары жүргізілмек. Тексеру барысында денсаулығынан кінәрат табылған аналар мен балалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында стационарлық немесе амбулаторлық тұрғыда емделетін болады», - деді Райфа Сафиуллинова.

Айлық аясында білікті психолог мамандар көпшілік арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды, өз денсаулығына мұқият қарауды насихаттаса, әлеуметтік қызметкерлер көпбалалы аналарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек туралы тегін кеңес береді. Аталмыш шара барысында тұрғындар арасында кепілдендірілген тегін медициналық көмек жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілмек.

«Айлықтың басты мақсаттарының бірі – бұл облыстағы көпбалалы отбасыларға көрсетілетін жоғары мамандандырылған медициналық көмекті одар әрі жалғастыру. Шара барысында ақ халатты абзал жандар бірде бір көпбалалы отбасыны назардан тыс қалдырмауға тырысып, әрбір ана мен баланың кешенді медициналық тексерістен өтуіне жағдай жасайды», - деп қосты жауапты тұлға.

Қоса кетсек, күн сайын елімізде бір мыңнан астам сәби дүние есігін ашса, жылына бұл көрсеткіш 400 мың сәбиге жетеді екен. Ал Шығыс Қазақстанда күніне 60 сәби дүниеге келсе, жылына бұл көрсеткіш 22 мың сәбиге жететін көрінеді. Соңғы бес жыл көлемінде Қазақстанда бала туу 3 пайызға артқан. Республика бойынша ана мен бала денсаулығына зор мән беріліп, осы бағытта атқарылып жатқан кешенді бағдарламалар арқасында салмағы 500 граммға жетпей мерзімінен бұрын туған шақалақтар аман қалуда.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы