Шығыс Қазақстанда сүт қабылдайтын орындар көбеймек

28 Қаңтар 2019, 16:10
2651
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда сүт қабылдайтын орындар көбеймек

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда сүт қабылдайтын орындардың санын көбейту керек. Ол үшін оған тек шаруақожалықтары мен кооперативтер ғана сүт өткізіп қоймай, жеке шаруашылығы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов кезекті облыс әкімдігінің отырысы барысында айтты.

«2014-2015 жылдары біздегі сүт зауыттары 29 пайыздық деңгейде жұмыс істеген еді. Қазір біз олардың жұмыс істеу қарқынын 75 пайызға жеткіздік. Бүгінгі таңда олар кеңею үстінде. Мысалы, өткен жылы «Восток Молоко» сүт зауыты өздерінің жұмыстарын аяқтаса, биыл «Эмиль» ЖШС сүт зауытын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Ендігі кезекте біз өз тарапымыздан қабылданатын сүт көлемін көбейтуіміз керек. Ол үшін халықпен тығыз жұмыс істеу керек», - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Соңғы үш жыл ішінде қабылданатын сүт көлемінің алты есеге артқанын айтқан өңір басшысы осының арқасында шикізат көлемі көбейіп, сүт зауыттарын қайта жаңғыртуға қажеттік туындағанын алға тартты.

«Осындай қыруар жұмыс істеген аудан, қала әкімдеріне үлкен алғыс. Дегенмен, бұл әлі де аз. Осы себепті іс-шаралар жоспарын дайындаңыздар. Онда әр ауылдық округтің әкімі мен ветеринар мамандарының нақты не істеу керектігі көрсетілуі қажет. Терең талдау жасап, халықтан сүт жинау жолдары көрсетілген ыңғайлы бағдарлама жасалуы керек. Бұл дегеніміз жеке шаруашылығы бар әр отбасына қосымша табыс көзін жасауына мүмкіндік беріледі деген сөз. Әр әкім өзіне қарасты ауылдардағы базаны тағы бір саралап, әр үйде қанша бас сауын сиыр барын есептейді», - деді облыс әкімі.

Бір ай көлемінде барлық аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына қажетті іс-шаралар жоспарын жасау қажеттігін айтқан облыс басшысы аталған жұмыстарды бір жолға қою үшін бірінші кезекте ветеринарлық бақылауды күшейтіп, сатып алу жұмыстарын қатаң регламенттеу керектігін ескертті.

«Бірақ бақылауды күшейткеннің көкесі осы екен деп шаш алудың орнына бас алып кетпеңіздер. Бұл жердегі басты мақсат – сүт қабылдаудың Еуропалық стандарттарға сай жүргізілгені. Мысалы, сүт қабылдайтын ыдысқа қойылатын талаптан бастап, сүттің қышқылдық деңгейін, майлылығын сол жерде анықтау жұмыстарын қалай жүргізу керектігін анықтау керек. Келесі әкімдік отырысында аталмыш мәселе бойынша жеке сұрақ қаралатын болады», - деп қосты Даниал Ахметов.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Өзгелердің жаңалығы