Шығыс Қазақстанда "Халыққа жақын бол" акциясы өткізілді

21 Ақпан 2020, 21:45
2128
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда "Халыққа жақын бол" акциясы өткізілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының облыстық филиалы "Халыққа жақын бол" акциясын өткізді.

Өскемен қаласының №3 Халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілген акция барысында филиал директоры Азамат Есембулов қарапайым қызметкерге айналып, тұрғындар сұрақтарына жауап берді.

Акцияның басты мақсаты - тұрғындардың пікірін білу, фронт-офистерінің жұмысына, мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты сұрақтарға жауап беру болды. Филиал жұмысының көрсеткішін жақсарту үшін басшы тек кабинеттен ғана қадағаламай, жұмыстың қайнап жатқан жерін көруі керек. Сол себепті "Халыққа жақын бол" акциясы аясында филиал басшылығы "фронт-офистерге" жұмыс істеуге шықты. Бұл қызмет алушылармен кері байланыс алуға көмектеседі, - деді филиал директоры.

Азамат Есембуловтың айтуынша, клиенттер бейдждегі "директор" деген жазуды байқай бастағанда, әрине таң қалады. Әдетте, басшының өзі қызмет көрсетіп, egovmobile қосымшасын үйретіп жатқанына қызмет алушылар таң қалып жатады. Көптеген адамдар ұялады, кейбіреуі күлсе, ал біреулер достарына көрсету үшін фото жасауды сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік корпорацияның 27 фронт – офисі (ХҚКО) жұмыс істейді. 2019 жылы ШҚО бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы 1,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, оның 900 мыңнан астамы - өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында көрсетілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артық.

 


Өзгелердің жаңалығы