Шығыс Қазақстанда берілетін пәтерлердің басым көпшілігі бюджеттік сала жұмысшыларына арналмақ

16 Наурыз 2019, 09:35
2219
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда берілетін пәтерлердің басым көпшілігі бюджеттік сала жұмысшыларына арналмақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда биыл 1 222 пәтерді «7-20-25» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы бойынша бюджеттік сала жұмысшыларына тапсыру жоспарланған. Дегенмен, әлі де 500-ден астам пәтердің нақты қожайыны анықталған жоқ. Мәселені мықтап қолға алуды айтқан өңір басшысы Даниал Ахметов бір апта ішінде нақты әрекеттер алгоритмін жасауды тапсырды.

«Елбасының бірінші бастамасын іске асыру бойынша 2019 жылы Шығыс Қазақстанның Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Қасым Қайсенов кентінде «7-20-25» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы бойынша 1222 пәтерді тапсыру жоспарланған. 2019 жылдың 28 ақпанына дейінгі аралықта олардың 295-і сатылып үлгерген. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерге ипотекалық тұрғын үй несиесін алуға тұрғындар тарапынан жалпы сомасы 4 миллиард 226 миллион теңгені құрайтын 479 тапсырыс келіп түсті. Облыс әкімігі тарапынан ипотекалық тұрғын үй несиесінің әр шаршы метрін субсидиялау механизмі жасалды», - дейді ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Дүсіпов.

Басқарма басшысының айтуынша, осындай субсидиялау білім, медицина, әлеуметтік сала мен ішкі істер органдары қызметкерлеріне берілетін пәтерлердің әр шаршы метрін біршама арзандататын көрінеді. Қазіргі уақытта Семей қаласының әкімдігі жаңадан салынып жатқан Қарағайлы тұрғын ауданына 98 бюджеттік сала қызметшілерін қоныстандыруды жоспарлап отыр.

«572 пәтер үш ай болды ешкімге тиесілі болмай тұр. Сондықтан бұл мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Айына 50 пәтерден ресімдеп отырсақ, он айда толығымен тапсырып аяқтаймыз. Екіншіден, министрліктің тұрғын үй сертификатын беру бағдарламасы аяқталған соң оған субсидиялауды қосып пәтерлер сатылымының қандай болатынын зерттеу керек. Үшінші әрекет әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы берілетін пәтерлер мәселесін шешу. Бұл жерде еш қиындық жоқ, барлық сатыда өзіміз шешім қабылдай аламыз», - деп қосты облыс әкімі Даниал Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы