Шығыс Қазақстанда 71 пилоттық мектепте 4 пән ағылшын тілінде оқытылады

2 Мамыр 2019, 11:50
2334
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда 71 пилоттық мектепте 4 пән ағылшын тілінде оқытылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда соңғы үш жылда мыңнан астам химия, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілі курстарынан өткен. Бұл жөнінде ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады.

Білім басқармасының басшысы өңір бойынша 2016 жылдан бастап химия, физика, информатика пәндерінің 1090 мұғалімі ағылшын тілі курстарынан өткенін айтады. 2019 жылдың ақпан айынан бастап мұндай курстардан Семей және Өскемен қалаларында 281 мұғалім өтіп жатқан көрінеді.

«Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 21 желтоқсандағы №638 бұйрығының 40-2-тармағына сәйкес қосымша ақы төлеу 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап ARTIS, IELTS, TOEFL, CEPT, FCE, EMI, TKT CLIL ағылшын тілін білу жөнінде халықаралық емтиханнан өткендігі туралы құжаты бар, CEFR (Common European Framework of Reference - шет тілдерді игерудің жалпыеуропалық құзыреттері) шкаласына сәйкес кем дегенде B1-Intermediate деңгейін растайтын немесе дипломның қосымшасына сәйкес ағылшын тілінде пәндерді оқытуға мүмкіндік беретін тілдік құзыреттілікке ие және ағылшын тілінде физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша негізгі орта және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне базалық лауазымдық жалақыдан 200 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүргізіледі», - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бүгінгі таңда мұндай үстемақы еліміздің Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 3 қыркүйектегі №440 бұйрығына сәйкес, 71 пилоттық мектептің 8-10 сыныптарда жаратылыстану ғылымдары бағытындағы 4 пәнді ағылшын тілінде инварианттық сағаттар есебінен жүргізетін 455 мұғалімге төленіп отырған көрінеді.

 

Өзгелердің жаңалығы