Бас жаңалықтар
Шығыс Қазақстанда 140 шақырымдық ат бәйгесі өтті
18 Маусым 2019, 08:33 397

Шығыс Қазақстанда 140 шақырымдық ат бәйгесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында тұңғыш рет өткізілген 140 шақырымдық ат бәйгесі өз мәресіне жетті. Ат жарысы үшкіндік "Тұғыры биік Тарбағатай" өнер мен спорт фестивалі аясында өтті.


ШҚО Ақпараттық орталығынан хабарлағандай, таңғы сағат 4-те 140 шақырымға арналған ат бәйгесі басталды. Қазақстанның әр аймағынан келген 106 шабандоз Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейін бәйгеге түсті. Жарыстың шынайы әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылқылар GPS жүйесімен қамтамасыз етілді.

Қазақ күресінен Халықаралық федерациясының вице-президенті Батырхан Қамынханұлының мәлімдеуінше, бұл елімізде осындай қашықтықта өткізіліп отырған тұңғыш бәйге.

"Ат жарысы Елбасының " Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында ат жарысы мен атбегілікті жандандандыру мақсатында өткізіліп отыр. Бүгін Шабандоздар үшін үлкен мереке болды. Жылқылар ұзын қашықтықта жоғары шыдамдылықтарын көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптей түстік", - деді Батырхан Қамынханұлы.

Шабандоздар 8 сағаттан астам жол жүріп өтті. Үлкен жарыстың жеңімпазы Көкпекті ауданының тұрғыны Руслан Шаяргазин атанды.

"Бүгін үлкен жарыс болды. Жол жүру барысында қиындықтар болды. Бірақ аттарымыз шыдамдылық танытып, бірнеше мәрте демалып, ақтық мәреге бірінші жеттік. Астымдағы тұлпарымның жағдайын ұдайы бақылап, төзімділігінің нәтижесінде жеңімпаз атандық",- деді қуанышын жасыра алмаған шабандоз.

Ұйымдастырушылар комитетінің өкілі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаковтың пайымынша, бұл күн қазақстандық ат спорты тарихына енетін болады.

"Еліміздің Шығысында халықаралық бәйгенің өтуі-қазақстандық ат спортында айтулы оқиға. Жарысқа арнайы дайындалған жүйріктер қатысып, марафондық шыдамдылық танытты. Бұның барлығы үлкен табанды еңбек. Алдағы уақытта бұл бәйге түрін өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз. Қатысушылар тізімі де кеңейетін болады",- деді ол.

Сонымен қатар фестиваль аясында әр қашықтықта тай жарысы, жорға жырысы, тай бәйге және аламан бәйге өтті.



Фото: дереккөз

Сізден жаңалық