Шығыс Қазақстанға көктемгі қар суы қауіп төндірмейді

9 Сәуір 2019, 15:38
2789
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанға көктемгі қар суы қауіп төндірмейді
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің 40% су қоры жинақталған Шығыс Қазақстанға көктемгі тасқын су қауіп төндірмейді. Бұл жөнінде бүгін ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин мәлімдеді.

«Шығыс Қазақстан облысында жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын 885 өзен бар. Олардың ішіндегі ең үлкені Ертіс, Қара Ертіс, Үлбі, Оба, Бұқтырма өзендері болса, сонымен қатар дүние жүзіндегі ірі суқоймалардың бірі саналатын Бұқтырма суқоймасы бар. Биылғы жылы Шығыс өңіріндегі көктемгі қар суы қалыпты деңгейде. Өңіріміздегі су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін аумақтарды арнайы құрылған жұмыс тобы бақылауға алған. Олар облыстың барлық аудандарын екі реттен аралап, жағдаймен танысып қайтты», - деді Александр Анатольевич.

Жұмыс тобының бірінші сапарында назарға алынған ескертулер қайтара тексеруде аудан, қала әкімдері тарапынан қалпына келтірілгенін алға тартқан жауапты тұлға, бүгінде өңіріміздің Алтай және Күршім аудандарында ғана қалың қар қабатының сақталғанын хабарлады.

«Техникаларымыз сақадай-сай әзір. Барлық аудандарда жедел штабтар құрылған. Аудан әкімдері бас болып күндіз-түні жұмыс істеуде. Бородулиха, Шемонаиха, Күршім, Бесқарағай және Алтай сияқты бес аудандағы өзендерде 20-дан астам жару жұмыстары жүргізіліп, 129 мың шаршы метр жердегі мұз кептелісі ашылды. Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданының Сенное және Бесқарағай ауданының Кривинка ауылдарының маңдарында аздаған мұз кептелісі бар. Ол жерде біздің жедел топтарымыз арнайы мұзда жүргіш құрылғыларымен жұмыс істеп жатыр», - деп қосты Александр Ломыгин.

Биылғы қыстың қарсыз әрі аязды болмауы тасқын судың алдын алғанын алға тартқан Төтенше жағдайлар қызметі Бесқарағай ауданында қазіргі уақытқа дейін 3 отбасының ғана қауіпсіз жерге көшірілгенін айтып өтті. 

Өзгелердің жаңалығы