Швейцариялық компания елімізде онкологиялық зертхана ашуы мүмкін
10 Мамыр, 18:38 791

Швейцариялық компания елімізде онкологиялық зертхана ашуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкіметтік делегацияның Анкараға ресми сапары аясында Roche компаниясының Қазақстан бойынша Бас директоры Сенел Тойланмен кездесті.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстан тарапы мен Roche компаниясы арасында қол қойылған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Швейцарияға сапары аясында өткен жылдың желтоқсан айында жасалған Негіздемелік келісімді еске салды.

А.Ғиният осы Келісім шеңберінде бірқатар инновациялық дәрілік заттар өндірісін оқшаулау жолымен жергілікті өндірістің медициналық препараттарының үлесін арттыруға қол жеткізілетініне сенім білдірді.

Құжатқа сәйкес отандық өндіріс базасында жобаның бірінші кезеңін іске асыру 2023 жылдың соңына дейін жоспарланған. 

Қазіргі уақытта ҚР фармацевтикалық нарығында дәрілік заттардың 16 позициясы және медициналық бұйымдардың 8 позициясы тіркелген.

Біз Roche компаниясының жұқпалы ауруларды, соның ішінде COVID-19 диагнозын қою үшін елімізде зертханалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруын құптаймыз. Сондай-ақ ҚР-да өңірлік ғылыми-зерттеу орталығын құру және Қазақстанның жұмыс істеп тұрған онкологиялық орталықтарының бірінде онкологиялық ауруларды зерттеу бойынша заманауи зертхана ашу өзекті деп санаймыз, - деп атап өтті Ажар Ғиният фармацевтикалық компаниямен келіссөздер барысында.

Сонымен қатар, министр Roche компаниясының Қазақстан аумағында дәрілік заттар өндірісін оқшаулауға қатысты ұсынысын қарауға дайын екендігі туралы толығырақ айтып берді.

Сондай-ақ қазақстандық тарап серіктестің басқа да бастамаларын, оның ішінде – зертханалық диагностика бойынша инновациялық тренинг орталығын құру, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауды дамыту, әйелдер арасында адам папилломасы вирусын анықтауға арналған скринингті құптайды.

Атап айтқанда, аталған екі жобаны іске асыру үшін Roche компаниясы Қазақстанға "cobas 6800" және "cobas 4800" жоғары дәлдікті ПТР тест-жүйелерін тегін негізде ұсынуға, мамандарды оқытуға және әдіснамалық қолдау көрсетуге дайын.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан Республикасы мен Roche ірі фармацевтикалық компаниясы арасындағы денсаулық сақтау саласындағы перспективалы бағыттар бойынша серіктестікті одан әрі нығайту мен жандандырудың маңыздылығын растады.


Фото: дереккөз
Загрузка...