Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақфильмнің» туындылары Швецияда Қазақ киносының фестивалі аясында көрсетілді. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақфильм» киностудиясы Швеция Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының елшілігі және «Швециядағы Қазақстан жастары» ұйымымен бірлесе отырып, Стокгольмде үстіміздегі жылы 28 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қазақ киносының фестивалін өткізді.
Аталған мәдени іс-шара Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмімен ашылған. Бұл тарихи кинотуындыны көрермендерге фильмде басты рөлді сомдаған актриса Алтынай Нөгербек таныстырды. Сонымен қатар, фестиваль барысында Болат Қалымбетовтың «Талан», Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы түсірген «Мұзбалақ» анимациялық фильмі, Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» деректі фильмі, Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал», Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі», Әділхан Ержановтың «Түн құдайы» және Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмдері көрсетілді.
Швецияның көрермендеріне отандық туындыларды «Қазақфильм» киностудиясының ресми өкілі, продюсер Диана Әшімова таныстырды.
Фильмдердің барлығы тегін көрсетілді.
Коммерциялық емес «Швециядағы Қазақстан жастары» ұйымының басты мақсаты – екі елдің достығы мен тығыз байланыстарын нығайту, сондай-ақ Швеция мен Қазақстан жастарының арасында мәдени диалог орналастырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.