Шуда қант зауыты салынады

29 Қазан 2021, 22:33
50364
Бөлісу:
Шуда қант зауыты салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданындағы жұмыс сапары барысында «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағына барып, қант зауытының құрылысымен танысты.

Бүгінде аталған экономикалық аймақтағы ең іргелі жобалардың бірі саналатын қант зауытының негізгі құрылыс жұмыстары басталуда.

Жобалық құны 91 миллиард теңгені құрайтын заманауи зауыттың қуаттылығы тәулігіне 8 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуге жетеді. Қазіргі кезде мұнда арнайы қалашық салынып, 130 адам вахталық әдіспен еңбек етуде. Олар тегістеу, іргетастың орнын дайындау секілді жұмыстарға қызу кіріскен.

«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» басқарма төрағасы Серік Нұрғожаев жуық арада жұмысшылар саны тағы да артатындығын айтты. Ал қант зауытының құрылысымен айналысып жатқан мердігер бүгінгі күнге дейін 800 миллион теңге көлеміндегі қаржыны игерсе, жыл соңына дейін 1 миллиард 200 миллион теңгені игермек. Өз кезегінде облыс әкімі қант зауытының іске қосылуы аудандағы шаруашылықтардың жұмысына ерекше серпін беретінін атап өтті. Зауыт 2023 жылы толық қуатында іске қосылмақ.

Өңір басшысы бұдан соң республикалық мәндегі «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының бүгінгі жай-күйімен танысты.

Осы күре жолдың Шу ауданына тиесілі аумағында үш бірдей көпір салынуда. Оның біреуі темір жолдың үстінен салынса, екіншісі аудан орталығының іргесіндегі Қорағаты ауылдық округінде орналасқан, үшіншісі – Шу өзенінен өтетін көпір.

Жалпы ұзындығы 266 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде,  оның құрылысына «АБК автодор НС» ЖШС мен «Синьсин құрылыс және дамыту қытай компаниясы» ЖШС жауапты.

Осыдан екі жыл бұрын басталған жобаға қомақты қаржы бөлінген. Дәлірек айтқанда, Шу мен Меркі аудандарын жалғап отырған автожолды қайта жаңғырту үшін 9,1 миллиард, Шу қаласын айналып өту үшін салынған жолға 4,1 миллиард және «Шу-Хантау» автожолына 3,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

Мұндағы құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырған «Қазавтожол» ҰҚ АҚ облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова қазіргі таңда жұмыс 85 пайызға аяқталғанын жеткізді. Алайда, облыс әкімі   өткен жылы белгіленген меженің орындалмай отырғанын айтып, жұмыстың сылбыр жүріп жатқанын сынға алды.

Өткен жылғы меже бойынша Меркі және Шу аудандарының арасындағы жолдың бір жолағы биыл пайдалануға берілу керек болатын. Өкінішке қарай, уәде әлі күнге дейін орындалмай отыр. Жұмыстың да сылбыр жүріп жатқанын байқауға болады. Қалай болғанда да мердігер компаниялар құрылысты межелі уақытта аяқтау үшін барын салуы тиіс. Сондай-ақ, жолға жауапты мекеме басшылары жарықтандыру мәселесін де естен шығармағаны жөн, - деген аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы