Шри-Ланкада жарылыстан қаза тапқандар саны 290-ға жетті

22 Сәуір 2019, 14:09
2105
Бөлісу:
Шри-Ланкада жарылыстан қаза тапқандар саны 290-ға жетті

Алматы, BAQ.KZ. Шри-Ланкадағы бірнеше шіркеуде болған жарылыс 290 адамның өмірін қиды, тағы 500 адам жарақат алған. Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Бұған дейін 262 адам қаза тауып, 450-ден астамы ауыр жарақат алғаны хабарланған. 

Шри-Ланка үкіметінің екі министрі құқыққорғау органдарының әрекетін айыптауда. Телекоммуникация министрі Харин Фернандо Twitter-дегі парақшасында «барлау қызметінің кейбір қызметкерлері жарылыстың болатыны жөнінде білген» деп жазды.

Ол сонымен қатар, ескертулердің неліктен ескерусіз қалғанын тергеуге шақырды. 

Өз кезегінде, Ұлттық бірігу министрі Мано Ганешан, өз министрлігіндегі қауіпсіздік қызметтері саясаткерлерге екі лаңкестің шабуыл жасайтындығы туралы ескертуді алғандығын растады. 

Бұған дейін қорғаныс министрі Руван Виджевардена елде орын алған жарылысқа діни экстремистердің шабуылы деген баға берген болатын. Сондай-ақ полиция 13 күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеген.

Жарылыстың басым бөлігі елдің ірі қаласы Коломбо мен оның айналасында орын алған. Қаза тапқандардың көпшілігі жергілікті халық. Шри-Ланка сыртқы істер министрінің мәліметінше, опат болғандар арасында 27 шетелдік бар. АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Қытай, Жапония және Португалия өз азаматтарының құрбан болғанын мәлімдеген.



Өзгелердің жаңалығы