ШҚО-да Алғыс айту күні 300-ден астам шара өтті

2 Наурыз 2019, 09:34
2284
Бөлісу:
ШҚО-да Алғыс айту күні 300-ден астам шара өтті
Фото: автордан

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда Алғыс айту күніне орай ұйымдастырлған 300-ден астам шараға 80 мыңға жуық адам қатысты. Бұл күні аудан, қалалардағы жергілікті кәсіпкерлер, жастар мен қоғамдық бірлестіктер жерлестеріне қолдан келер көмегін аямай қайырымдылық акцияларын, мерекелік концерттер мен түрлі көрмелер ұйымдастырды.

Айтулы күннің жоғары деңгейде өтуіне Достық үйлері мен этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар ерекше үлес қосты. Шығыс Қазақстанның 19 аудан, қаласының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырған акциясына бір адамдай жұмылды.

Алғыс айту күнінің соңғы межесі Өскемен қаласындағы облыстық Достық үйінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шара болды.

«Nur Otan» партиясының 20 жылдығына арналған съезінде Елбасы Қазақстанның басты жетістігі қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлік екенін айтқан болатын. Міне осы бірліктің арқасында біз бірқатар әлеуметтік-экономикалық жетістікке жетіп отырмыз. Сол жетістіктердің бірі ретінде біздің өңірде жасалған аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға арналған кешенді бағдарламаны айтуға болады. Аталмыш бағдарлама аясында осындай отбасылар білім, денсаулық сақтау, атаулы әлеуметтік көмек және шағын несиелендіру салаларында бірқатар жеңілдіктерге ие болды. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін жергілікті бюджетте 15,6 млрд теңге қарастырылса, оған тағы да 1,1 млрд теңге қаржы қосуды ойлап отырмыз», - деді шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Өскемен және Семей қалаларының өлкетану мұражайлары мен зергерлік ұйымдардың Достық үйінің кіреберісінде өткізген көрмесі облыс орталығы тұрғындарының көңілінен шықты. «Қазақстан мен үшін туған елге айналды» тақырыбымен ұйымдастырылған көрме негізінен қазақ жеріне қоныс аударылған поляк, корей, неміс, шешен және басқа ұлттарға арналды.

ШҚО-да Алғыс айту күні 300-ден астам шара өтті

«Семей шаһарынан ат тартып келіп отырмыз. Қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысамын. Өзім өткен жылы еліміздің «Жүз жаңа есімі» жобасына енгенмін. Еңбегіміз еленіп, осындай көрмелерге шығып, қаламыздың атын әйгілеп жүрген жайымыз бар», - дейді көрмеге өзінің қазақтың көне бұйымдары мен қару жарағын және қазақы ою-өрнекті зергерлік туындыларын ұсынған Абылайхан Асылбай.  

ШҚО-да Алғыс айту күні 300-ден астам шара өтті

ШҚО-да Алғыс айту күні 300-ден астам шара өтті

Сондай-ақ, бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын төсбелгісімен белгілі өлкетанушы, ғалым-эколог, биология ғылымдарының кандидаты Борис Щербаков пен ҚХА ШҚО бойынша хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев марапатталды.

ШҚО-да Алғыс айту күні 300-ден астам шара өтті

Қоса кетсек, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 105 түрлі ұлт пен ұлыс тұрып жатыр. 20 түрлі конфессиялар мен 123 этномәдени бірлестіктерді біріктірген 13 Достық үйі жұмыс істеп тұр. Достық үйлерінде жұмыс істейтін жексенбілік мектептерде әр ұлт өзінің ана тілі мен қалаған басқа тілдерді оқи алуына мүмкіндік жасалған.

Өзгелердің жаңалығы