ШҚО-да орман қорын ұлғайту шаралары қолға алынуда

14 Сәуір 2019, 16:12
2468
Бөлісу:
ШҚО-да орман қорын ұлғайту шаралары қолға алынуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда өрт қауіпсіздігі бойынша кешенді шаралар қабылданып, өрт сөдіру техникалары мен жеке құрамның әзірлігі тексерілді. Бұл жөнінде облыстық Мәслихаттың кезекті ХХІХ сессиясы барысында ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасның басшысы Мұрат Құсайынов хабарлады.

«Облыс аумағындағы орман қорын сақтауға ерекше көңіл бөлінген. Осы бағытта облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып орман қорын қалпына келтіру бағытында бірқатар шаралар жүргізеді. 2018 жылы орман алқаптарын 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Осылайша 2030 жылға қарай орман алқаптарын жылын 5,3 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған», - дейді Мұрат Құсайынов.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстандағы орман алқаптарының жалпы көлемі 2,1 миллион гектарды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 277,5 мың гектарға көп. Орман қорының ұлғаюы ағаштың жас көшеттерін отырғызу есебінен жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұндай ағаш көшеттерін өсірумен облыс аумағындағы бірнеше мемлекеттік тәлімбақ айналысатын көрінеді.

«Орман алқаптарының көп болуы олардағы өрт қауіпсіздігі саласындағы жауапкершілікті арттыра түсетіні белгілі. Біз қазіргі уақытта бұл бағытта да ауқымды жұмыстар жүргізудеміз. Атап айтсақ, өрт қауіпсіздігі бойынша кешенді шаралар қабылданып, 72 өрт сөдіру техникасы мен 4 мыңнан астам жеке құрамның әзірлігі тексерілді. Бұдан бөлек, жергілікті жерлердегі барлық өртке қарсы коммуналдық кәсіпорындардың дайындығы пысықталды», - деп қосты басқарма басшысы.

Азық-түлік, құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек пен жанар-жағармай қоры тексерілгенін алға тартқан басқарма басшысы күн сайын орман алқаптарының бақыланып отыратынын тілге тиек етті. Қоса кетсек, өткен жылы облыста 19 рет орман өрті орын алып, 50 гектардан астам алқап қызыл жалынға оранған.

Өзгелердің жаңалығы