ШҚО-да Nur Otan партиясы Бастауыш ұйымдарының тұңғыш форумы өтті

28 Наурыз 2019, 21:09
2272
Бөлісу:
ШҚО-да Nur Otan партиясы Бастауыш ұйымдарының тұңғыш форумы өтті
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шараға екі жүзге тарта бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты. Сонымен қатар, форум аясында ұйым төрағаларына арналған екі күндік оқыту семинары да ұйымдастырылды. 

«Елім менің» деп ұрандаған Шығыс Қазақстанның нұротандықтары форумды партия әнұранын әуелете ашты. Сөзжарыста салихалы пікірлерін ортаға салған бастауыш партия ұйым өкілдері бүгінде бейбітшілік пен келісім салтанат құрған, тиімді нарықтық экономикасы бар, әлеуеті тұрақты Қазақстанды құрудағы «Nur Otan» мен оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне ерекше тоқталды.

«Бақты бағалаған халықтың бастайтын тақ иесі де болуы керек. Бұл – ежелден келе жатқан өмір заңы. Тұңғыш Президентіміздің бастауымен Отанымыз әлемге танылды. Сөзсіз, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бүгіні мен ертеңгі жетістігінің символына айналды. Елбасымыздың төл туындыларының бірі, Сарыарқаның төсінде бой көтерген Елордамыз мемлекетіміздің дамуына, өркендеуіне жаңа серпін бергені де ақиқат. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұстан бастап, бабалар салған сара жолды замана ағымына ілестіре, дамыған елі елдің қатарына қосты. Елбасымыздың ел болашағына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан астанамызға Нұр-сұлтан атауын беру орынды әрі тарихи маңызы зор шешім деп білемін», - деді Семей электртехникалық колледж директоры Азат Сәрпеков.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Көшбасшысына деген алғыстарын сонымен қатар облыс орталығының «№12 сайлау округі» бастауыш партия ұйымының төрағасы Максим Тесленко, Өскемендегі №1 өзін-өзі басқару комитеті директоры Амантай Бақыт, Риддер қаласының «№5 сайлау округі» төрайымы Елена Крыжевая да жеткізді.

Облыс спортшыларының атынан Тұңғыш Президенттің саясатына алғысын жеткізген «Қазақстан Барысы», Қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаров Тәуелсіздік жылдары ел спортшыларының елеулі жетістіктерге жеткенін айтты.

«Біздің спортшыларға барлық жағдайлар жасалған, кез-келген мемлекетте ұйымдастырылған жарыстарға емін-еркін бара алады. Мұның барлығы Елбасымыздың халықаралық дәрежедегі беделі деп ойлаймын. Көк байрағымызды желбірету біздің басты міндетіміз. Осы себепті спортшы ретінде және бастауыш партия ұйымының жетекшісі ретінде әрқашан Елбасымызбен біргеміз. Көшбасшымызбен дамыған елу елдің қатарынан орын тептік, ендігі мақсат дамыған отыздыққа кіру. Меніңше оның елі де алыс емес. Тек Тұңғыш Президентіміз белгілеп берген бағыттан таймасақ болғаны», - деп қосты Айбек Нұғымаров.

Қазіргі таңда республика бойынша бастауыш партия ұйымдары қызметін жандандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Аймақтық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың сөзіне жүгінсек, бастауыш партия ұйымдарының халықпен жұмыс жүргізуде орны маңызды. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды түсіндіру, жүзеге асыру бойынша ауқымды міндет жүгін арқалаған да осы ұйымдар.

ШҚО-да Nur Otan партиясы Бастауыш ұйымдарының тұңғыш форумы өтті

«Биыл біздің облыста бастауыш партия ұйымдары төрағаларына арналған екі семинар-тренинг өткізу жоспарланған. Жалпы аймақ бойынша 330 бастауыш ұйымы болса, бүгін олардың 180-і форум аясында ұйымдастырылған семинарға қатысып отыр. Екі күн ішінде олар партия құндылықтары, нормативтік-құқықтық құжаттар, сондай-ақ, ұйымдастыру құрылымы мен цифрландыру, партия жобаларын жүзеге асыруға қатысу сияқты тақырыптарды талқылайды. Бұдан бөлек, арнайы ораторлық шеберлік, халық алдында сөйлеу, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу турасындағы тренингтерге қатысады», - деді Әнуарбек Мұхтарханов.

ШҚО-да Nur Otan партиясы Бастауыш ұйымдарының тұңғыш форумы өтті

Айта кету керек, елдегі маңызды саяси оқиғалар арнасында өтіп отырған шараға Астанадан арнайы дәріскерлер шақырылды. Екі күнге соылатын семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

Өзгелердің жаңалығы