Бас жаңалықтар
ШҚО-да еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынбақ
11 Сәуiр 2019, 15:03 763

ШҚО-да еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынбақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда өткен үшжақты комиссия отырысында 2019 жылы «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылын» өткізу бойынша Жол картасы бекітілді. Бұл жөнінде бүгін ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану мен кәсіби ауруларды азайту мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып 2019 жылды — «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жылы» деп жарияланды», - деді ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров.

Жауапты тұлғаның айтуынша, биылғы жылы еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану мен кәсіби ауруларды азайту, осы бағытта ақпараттық компаниялар жүргізу жұмыстары іске асырылмақ. Жалпы, ақпараттық-түсіндіру науқаны аясында жұмыс орындарында салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға мемлекеттік құрылымдардың, кәсіпорындар мен компаниялар қызметкерлерінің және жұмыс берушілердің назарын аудартуға күш салынбақ.

«Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында орта есеппен 37,2 мың адам, яғни еңбек ететін халықтың 27,2 пайызы қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мақсатында жыл сайын кешенді шаралар өткізіліп отырады. Осының нәтижесінде өндірістік жарақат көрсеткіші өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 8,3 пайызға төмендеді. Өндірістік жарақат мәселесі осыған дейін әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудің үшжақты комиссиясының төрт отырысында, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың сараптама кеңесінің үш отырысында қаралды», - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.


Фото: автордан
Загрузка...