ШҚО-да COVID-19 дертінің тағы бір жағдайы тіркелді

6 Сәуір 2020, 17:09
1377
Бөлісу:
ШҚО-да COVID-19 дертінің тағы бір жағдайы тіркелді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тек соңғы үш күнде өңірде 3 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Ауырғандардың ішінде екеуі жасөспірім.

Бүгін Семейде 2007 жылы туған тағы бір оқушыда коронавирус расталды. Ол бұған дейін осы диагнозбен стационарға түскен 2006 жылғы науқастың інісі. Онымен жақын байланыста болғандықтан 5 сәуірде COVID-19-ға тексеріліп, оң нәтиже көрсеткен.

Қазіргі уақытта екеуі де инфекциялық стационарға оқшауланған. Жағдайлары орташа дәрежеде. Кеңейтілген эпидтергеу жүргізілуде.

Облыс әкімдігі тұрғындарға үйде болуларын, қажетсіз сыртқа шыға бермеулерін сұрайды. Әсіресе, өз балаларының қауіпсіздігін сақтап, көшеде және үйде жеке бас гигиенасын күшейту қажеттігін ескертеді.

Бүгінде Өскемен, Семейде қосымша шектеулер енгізілген. Өткізу жүйесі көлік ағыны мен тұрғындар қатарын 50%-ке қысқартуға мүмкіндік берді.

Вакцинаның жоқтығы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, өзін-өзі оқшаулау және үйде болу COVID-19 қарсы күресте жалғыз тиімді шара болып табылады, - деді Даниал Ахметов.

Қазіргі таңда ШҚО-да жалпы 6 коронавирус жағдайы расталған. Олардың екеуі Өскемен қаласында тіркелсе, төртеуі Семей қаласында орын алған.

Өзгелердің жаңалығы