Бас жаңалықтар
ШҚО-да 3,5 мыңнан астам ата-ана балабақша төлемақысынан босатылған
02 Мамыр 2019, 09:15 884

ШҚО-да 3,5 мыңнан астам ата-ана балабақша төлемақысынан босатылған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл облыстық Білім басқармасы көпбалалы отбасылардан шыққан балалар санына талдау жүргізіп, көрсеткіштің болашақтағы өзгеру қарқынын болжады. Бұл жөнінде ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады.

«Арнайы жол картасы әзірленді. Оның аясында 2019 жылдан бастап азқамтылған және көпбалалы отбасыларды мектепке дейінгі балалар мекемелерінің төлемақысынан босату жоспарланып отыр. Бүгінгі күні Білім басқармасы балалардың санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп, қаржыландыру тетігін әзірлеуде», - деді Сайрангүл Жұмәділова.

Басқарма басшысының хабарлауынша, қазіргі уақытта облыста жұмыс істеп тұрған 798 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 61 131 бала тәрбиеленіп жатыр. Атап айтсақ, өңірдегі 331 балабақшада — 43 166 бүлдіршін тәрбиеленіп жатса, оның 15 062-сі жекеменшік балабақшаларда білім алуда. Сондай-ақ, 17 965 бүлдіршін 467 шағын орталықта тәрбиеленуде.

«Ағымдағы жылдың ақпан айында облыстық Білім басқармасы көпбалалы отбасылардан шыққан балалар санына талдау жүргізіп, мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде көпбалалы отбасынан шыққан — 2 435, ерекше білім беру қажеттіліктері бар —  609, жекеменшік балалар мекемелерінде — 474 бүлдіршіннің барын анықтады», - деп қосты жауапты тұлға.

Жалпы, облыс бойынша балабақшаға баратын 3 607 баланың ата-анасы төлемақыдан босатылған. Сондай-ақ, аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің алдын ала жасалған болжамдарына сенсек, 2020 жылы облыста мұндай отбасылардан шыққан балалар саны 4 495-ке, ал 2021 жылы 5 425-ке жетпек көрінеді.

 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...