Бас жаңалықтар
ШҚО-да 5 жатақхананың құрылысы басталады
25 Ақпан 2019, 17:48 521

ШҚО-да 5 жатақхананың құрылысы басталады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 2018-2022 жылдары Шығыс Қазақстанда 4608 орынға арналған 11 жатақхана ашу жоспарланған. Оның төртеуі жоғары оқу орындарына, ал жетеуі колледждерге тиесілі болмақ. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен «Нұр Отан» партиясы өңірлік филиалының Саяси кеңесі бюросында хабарланды.

Естеріңізге салсақ, 2018 жылы Семей қаласында 700 орынға арналған екі жатақхана қолданысқа берілген болатын. Оның 350 орындық біреуі электротехникалық колледжге тиесілі болса, 350 орындық екіншісі Д. Қалматаев атындағы медициналық колледждікі.

«Биыл өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерінің жанында жаңа жатақханаларды қолданысқа беру жоспарланбаған. Бірақ бұл жатақхана мүлдем салынбайды деген сөз емес. Қазіргі уақытта облыстың 5 колледжіне жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде. Салынуы көзделген жатақханалардың барлығының мемлекеттік сараптама қорытындыларын алу биылғы жылдың сәуір айына жоспарланған», - деді жиын барысында ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Дүсіпов.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, қазіргі уақытта құрылысы межеленген жатақханалардың үшеуінің жобалық-сметалық құжаттамалары дайын болса, қалған екеуі наурыз айында толық аяқталып бітпек.

Осылайша, алдағы уақытта 6 миллион теңгеден астам қаржыға Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне - 244, Өскемен құрылыс колледжіне -  244, Өскемен медициналық колледжіне — 428, Аягөз политехникалық колледжіне — 104, Семей қаласындағы бизнес және қызмет көрсету колледжіне  - 288 орындық жатақханалар салынбақ. 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Сізден жаңалық