Бас жаңалықтар

Шорт-тректен әлем чемпионатына кімдер қатысады

Астана, BAQ.KZ. Шорт-тректен Қазақстан командасы Италияның Турин қаласында өтетін әлем кубогының соңғы кезеңінен кейін Болгарияның София қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады. Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков маңызды жарыстар алдындағы команданың жай-күйімен бөлісті деп хабарлайды Olympic.kz. 


«26 желтоқсан күні Ресейдегі Новогорск базасында өткен жаттығу кезінде Абзал Әжіғалиев аяғын жарақаттап алды. Дәрігерлер оған гипс салу қажет емес деп, төрт аптадай емделуге кеңес берген болатын. Абзал жарақатынан әлі толық айықпады, Астанада емделіп жатыр. Әлем кубогының Туриндегі кезеңіне қатыспайтыны анық. Ал әлем чемпионатына дейін жағдайдың қалай болатынын көреміз. 10 ақпан күні Италиядан елге оралып, әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз. Сол кезде Әжіғалиев жаттығуға оралады деген үміттеміз», - дейді Қарсыбеков. 

Әлем кубогы кезеңдерінде спортшылар әлем чемпионатына қатысу үшін ұпай жинайды. Бүгінде Абзал Әжіғалиев Қазақстан сапындағы ең үздік нәтижеге ие. Ол 500 метрге жүгіруден әлемдік рейтингте 5-орында тұр. Құраманың бас бапкері әлем чемпионатына кімдердің баруы мүмкін екенін айтты.

«Әлем кубогы кезеңдеріне біздің команда толық қатыспады. АҚШ-тағы бәсеке кезінде виза мәселесі болды. Дрезден додасынан Абзал сырт қалды. Былтырғы көрсеткіш бойынша Әлем чемпионатына екі лицензиямыз бар. Екеуі де ерлерге тиесілі. Ал қыздарымыз өткен жылғы әлемдік додаға қатыспаған еді. Биыл мүмкіндік бар сияқты. Әзірге, эстафетадан қыздар командасы 5-орында тұр. Туриндегі сыннан соң алғашқы сегіздікке енетін болса, әлем чемпионатына жолдама бар деген сөз. Ерлер арасындағы эстафетада мәселе қиындау. Әлем кубогының бірінші кезеңінде біз мықты топқа түстік те, іріктеуден өте алмаған едік. АҚШ-қа команданың жартысы виза қиындығына қарай бара алмады. Алматыдағы кезеңде Денис Никиша құлап қалып, нәтижеміз төмендеді. Дрезденде 7-орын иелендік, десе де, әлемдік рейтингіде ұпайымыз әлі аз. Туринде бар күшті салу керек. Эстафетада бізді алға сүйрейтін Абзалдың жарақаты да қолбайлау болып тұр. Оның орнына Әділ Ғалиахметовті дайындап жатырмыз», - дейді бас бапкер.
Загрузка...