Шолпан Байғалықызы: Нұр-Сұлтан – мәңгілік елдің астанасы

23 Наурыз 2019, 19:12
3694
Бөлісу:
Шолпан Байғалықызы: Нұр-Сұлтан – мәңгілік елдің астанасы

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Мәңгілік елдің – мәңгілік қаласының атауы Нұр-Сұлтан болуы заңдылық. Мұндай пікірді "Нұр Отан" партиясының жанындағы "Мирас" қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ақын Шолпан Байғалықызы айтты.

Қоғам белсендісі Шолпан Байғалықызының пікірінше, Еуразияның кіндігіндегі Сарыарқаның түндігі, армандардың күндігі Астананың Нұр-Сұлтан деп аталуы – Алланың қалауы, өмірдің талабы.

«Астана – Елбасының туған перзенті. Ерте ме, кеш пе, күндердің күнінде қара қылды қақ жарып, ұлтын ұлықтап, ел тізгінін ұстаған, тәуелсіздік алуымызға тер төккен қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Астанаға берілетінін білгенбіз. Мен жетпісінші жылдары Есілдің жағасындағы Целиноградты, Ақмоланы көрген адаммын. Саз балшығы езіліп жатқан қала көшелерімен жүргенмін. Ол кезде сұрланып тұратын өңсіз қаланың бетке ұстар ғимараты Жастар сарайы мен "Москва" қонақүйі болатын. Теміржолшылардың вокзалындағы Кремльдің куранты әр сағат сайын "сен қазақ емессің" деп құлағымды жаратын, жүрегімді жылатып, қанымды тулататын. Көңілге қаяу салатын көшелермен троллейбуста келе жатып, Сәкеннің, Мағжанның, Абайдың өлеңдері есіме түсетін. Қазір бұл қала тәуелсіздігімізбен бірге туған керемет көрікті де, сәулетті ғажайып ғимараттарымен өзіне ынтықтыратын заманауи қала», – деді Шолпан Байғалықызы.

Ақынның айтуынша, бұл қаланың әрбір тасында, әрбір көшесінде, биік-биік зәулім үйлері мен алтындай айшықты Сарайларында Нұрсұлтан Назарбаевтың, Елбасының қолтаңбасы бар.

«Қаланың ортасындағы зәулім бәйтеректі қолымен сызып, мәңгілік ел және басқа да кешенді монументтерді, алтын айлары көк тіреген мешіттердің жобасын өмірге әкелген сәулеткер осы кісі. Ол – өзінің алдына мақсат қойып, соның жолында өнегелі іс тындырып, айшықты ізін ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының жүрегіне ұлттың оюлы таңбасын түсірген адам», - деді қоғам белсендісі.

Сонымен қатар, Шолпан Байғалықызы халқымыз Тәуелсіздікпен бірге ұлттық құндылықтармен қауышқанын тілге тиек етті.

«Мен екі ғасырдың куәсімін. Кеше біздер кім едік? "Жақсы туса халқымнан, бар ма менің арманым. Айрылмасам салтымнан ол да менің оңғаным" деп армандайтынбыз. Кеңес үкіметі тұсында ұлттығымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалттық. Салт-дәстүрімізден айрылдық. Қазақ мектептері, бала-бақшалар жабылды. Жерден де тер шығады, тастан да шаң шығады. Кім оны ұғады, тағы да кімдер туады, деп жүргенде өтпелі кезеңнің кедергілері кесе көлденең тұрған кезде Қазақ ССР Министрлер кабинетінің төрағасы, қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлаған Нұрсұлтандай азаматымыз қылышынан қан тамып тұрған кеңес үкіметінің қаҺарына қарсы тұрды. Аяулы ақын Мұхтар Шахановтың белсенділігімен Ұлыстың ұлы күні бесмыңжылдық тарихы бар әз-наурызды, жаңа күнді Алматының төрінде тойлауға қол жеткізді. 1926 жылдан атын атауға тиым салынған наурызымыз тәуелсіздік алмай тұрғанда қазаққа қайта оралды. Кең жайылған дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, алтыбақан құрылып, қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылған наурыз тойындағы ақындар айтысы мен Қыдыр атаның батасы қия басын қар шалған ақ бас Алатаудың шыңынан асып, солтүстік пен шығысқа, дәстүріміз бен салтымызды сақтап қалған оңтүстік пен батысқа қарай жаңғырғанына куә болдық. Ертіс өңіріне жеткен наурызды сәуір болмай тәуір болмайды, мамыр тумай күн жылынбайды деп бір ай бойы тойлаған едік», – дейді ақын.

Шолпан Байғалықызы Елбасымен бірнеше рет кездескенін жеткізді.

«Мен саясатшыл адам емеспін. Алайда саясатпен сен айналыспасаң да, саясат сенімен айналысады деген сөзге сенемін. Адамның жүзі – ақылының айнасы" дейді қазақ. Мен Елбасын, Қазақтың Тұңғыш Президентін бірнеше рет көрген адаммын. Сонау тәуелсіздік алғаннан бері, Елбасын референдум арқылы сайлайтын кезден бері, одан кейінгі Президент сайлауы кезінде Павлодар облысындағы сенімді өкілі болдым. Мандаттарым сақтаулы тұр. Сол кезеңде ауылдарға, қалаларға шығып сайлаушылармен кездескен кезде Елбасының ұстанып отырған сара жолы, адамгершілігі, қарапайымдылығы, танымалдығы туралы керемет пікірлерді еститін едік. Сол уақыттардың өзінде Нұрсұлтан Назарбаев ірі тұлға ретінде танылды. Елбасы болуға осы кісі лайық деген талай ғалымдар мен академиктерді, еңбек адамдарын, ұлағатты ұстаздарды, ақсақалдарды білемін», - деді ол.

Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды іскерлігімен, ақылдылығымен, азаматтығымен, қазақтығымен бүкіл әлемге, шет елге, ғарыш әлеміне танытқан кемеңгер адам. Тәуелсіз еліміздің даму кезеңінде Елбасының қолтаңбасы бар.

«Мен ұрпақ тәрбиелеп отырған ана, әже, ақын, қоғам белсендісі ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін ұлықтағанымыз дұрыс шешім деп білемін. Нұр-Сұлтан – қазақтың астанасы. Ол қалада менің балаларым мен немерелерім тұрады. Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы. Ол қалада менің шөберелерім, туажаттарым тұратын болады. Мәңгілік елдің – мәңгілік қаласының атауы Нұр-Сұлтан болуы заңдылық деп білемін», – деді Шолпан Байғалықызы.

Өзгелердің жаңалығы