Шөкеев: Жыл бойы «жасыл» аймақта болған жалғыз өңір – Түркістан

19 Қараша 2021, 15:23
766
Бөлісу:
Шөкеев: Жыл бойы «жасыл» аймақта болған жалғыз өңір – Түркістан

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда заманауи көпсалалы аурухана салынып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Брифингте әкім әлемді дүр сілкіндірген коронавирус індеті кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол Түркістан облысы соңғы бір жылда вирустың таралуы бойынша аз көрсеткіш көрсеткен жалғыз өңір екенін айтты.

Облысымыз коронавирустың таралу қарқыны бойынша жыл бойы «жасыл аймақта» болған елдегі жалғыз аймақ. Бұл ретте бірлескен ұжымдық жұмыс пен дәрігерлердің еңбегі орасан зор, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері атап өтті, - деді Өмірзақ Шөкеев. 

Өңір бойынша COVID-19 індетімен тіркелгендер саны – 15 552. Жазылып шыққандар – 15 210, қайтыс болғандар – 76. Вируспен одан әрі күресу үшін өңірде бірнеше жоба жүзеге асырылды. Соның бірі - жаңа көпсалалық аурухананың құрылысы.

Сондай-ақ әкім өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, ауруханаларда төсек-орындардың көпшілігі бос екенін айтты. Бүгінде миллионнан астам тұрғын COVID-19-ға қарсы екпе алған, аймақта жаппай вакцинация науқаны аяқталуға жақын. Облыс бойынша І-компонентпен    –    1   013    456    адам   (98,2%), ІІ-компонентпен – 956 712 адам (92,7%) вакцина қабылдады. Қазіргі таңда 9465 кәсіптік нысандар «ASHYQ» мобильді қосымшасын пайдаланады.

 

 

Өзгелердің жаңалығы