Шөкеев: Түркістанға 248,8 млн текше метр ағын су жеткізудің жолын таптық

19 Қараша 2021, 13:36
717
Бөлісу:
Шөкеев: Түркістанға 248,8 млн текше метр ағын су жеткізудің жолын таптық

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. Ғалымдар мен ауыл ақсақалдарының пікірлерін тыңдай келе, Түркістан қаласына 248,8 млн текше метр ағын су жеткізудің жолын таптық.

Орталық коммуникациялар алаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай мәлімдеме жасады.

Ол өңірде атқарылып жатқан және аяқталған жобаларды атап шықты.

«Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 43 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн м3 су үнемделіп, 1,5 шақырым канал бойы абаттандырылды, - деді ол.

Сонымен қатар жаңадан «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салу арқылы 31,0 млн м3 ағын су жеткізілгенін мәлім етті.

Нәтижесінде қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 90% бетонмен қапталды. Көктем мезгіліндегі тасқын сулардың ысырабына жол берілмей 5 млн м3 су жиналды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы толығымен аяқталады. «Арыс-Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 млн м3 ағын су жеткізіледі, - деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның атап өтуінше, жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн.м3 ағын су жеткізіледі. Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн.м3 ағын су жеткізіледі. «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасының құрылысы жүргізілуде .

Бұл жоба алдағы уақытта облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізетін болады. 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалып, биылдың өзінде 261 млн м3 су көлге құйылды. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы айналасында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуін қалыптастырылуда. Жоба толығымен жаңбырлатып суғару технологиясымен жүзеге асырылуда, - деп атап өтті Түркістан облысының әкімі.


Өзгелердің жаңалығы