Шөкеев: Түркістан – Елбасының жобасы

18 Маусым 2019, 14:37
2529
Бөлісу:
Шөкеев: Түркістан – Елбасының жобасы
Фото: автордан

Түркістан облысы. BAQ.KZ тілшісі. 19 маусым Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында баспасөз конференциясын өткізді.

Өңір басшысы бір жыл ішіндегі облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени саласы жөнінде ауқымды баяндама жасады. Мәселен, осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Соның бірі – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары».

«Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, көне шаһарға облыс орталығы мәртебесін бергеніне де 1 жыл толды. Осы орайда, біз Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының төрт бағытын айқындап алдық. Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай, қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, Түркістанда орын тепкен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемде теңдесі жоқ сәулет туындысы. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасау қажет», - деп атап өтті облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы.       

Шөкеев: Түркістан – Елбасының жобасы                 

Әкімнің айтуынша, Түркістан ежелден тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгінде бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындау қажет екендігін айтты. Ресми мәліметтерге сәйкес, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген туристер саны 2018 жылы 152 124 адамды құрады, ал Түркістан қаласына «жылына бір күндік келушілердің» саны – 1,5 млн адам, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 15,2%-ға артық. Көрсетілген қызмет көлемі 1,2 млрд теңге құрап, 2017 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 23,3% артты. Ол үшін туристер облысқа тек бір күнге емес, бірнеше күнге саяхаттауға келуі тиіс.

Бұл бағытта қазіргі таңда экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік бағыт әзірленіпті.

Шөкеев: Түркістан – Елбасының жобасы

«Түркістан – Елбасының жобасы. Облыста инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде сумен жабдықтау, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тапты. Қазіргі таңда Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталық пен мәдени-тарихи орталықты бұрын қолданылмаған инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Аз ғана уақыт ішінде облыс жеткен жетістіктер аз емес. Ары қарай да ел игілігі үшін атқарылатын шаруалар шаш-етектен. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», - деді өңір басшысы.                                                                               

Өзгелердің жаңалығы