Бас жаңалықтар

Шоқпардағы алтын өндірісі осы жылға белгіленіп отыр

Астана, BAQ.KZ. Шоқпар мен Гагарин кен орындарында алтын өндіру жұмыстары ағымдағы жылдың І тоқсанына жоспарланып отыр. Бұл жөнінде «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-хабарлады.

«2019 жылдың бірінші тоқсанында Шоқпар мен Гагарин алтынды кен орындарының қорын Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қоры жөніндегі комиссияның мемлекеттік балансына жеткізу жоспарлануда. Осы рәсімдердің барлығын аяқтағаннан кейін алтын өндірісіне кірісуге болады», - деді «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Рустем Ақбердин.

Оның айтуынша, төрт жыл бұрын басталған құрамында алтын бар рудаларды барлау бойынша жұмыстар бүгінде аяқталған.

«Электрлі және магнитті барлау әдістерімен кешенді геофизикалық зерттеулер жүргізіліп, жалпы шамамен 50 км бағалау ұңғымалары қазылды, кен орындарының гидрогеологиялық және геотехнологиялық ерекшеліктері зерттелді», - деді компания өкілі.

Еске сала кетсек, Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Шоқпар және Гагарин кен орындары өткен ғасырдың 80 жылдарында ашылған болатын.

Сізден жаңалық