ШҚО-ның Жарма өңірінде мемлекеттен қолдау тапқан 16 жоба іске асты

5 Наурыз 2021, 09:35
2320
Бөлісу:
ШҚО-ның Жарма өңірінде мемлекеттен қолдау тапқан 16 жоба іске асты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жарма ауданының орталығы Қалбатауда Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 16 жоба жүзеге асты.

Бұл туралы өткен жылды қорытындылап, биылғы жылдың жоспарларымен бөліскен Қалбатау ауылдық округінің әкімі Берік Самежанов хабарлады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауылдық округтің 16 тұрғыны жалпы сомасы 42 миллион теңге мөлшерінде несие алып, өз істерін бастады. Бұдан бөлек 14 адам 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі гранттық қаржыға ие болып, мал шаруашылығымен айналысуға ден қойды.

Өткен жылы ауылдық округте 56 шаруашылық тіркелсе, оның төртеуі былтыр ғана ашылған шаруа қожалықтары болды. 2019 жылмен салыстырғанда мал басының артқаны байқалды. Жалпы, жүргізілген шаралар нәтижесінде округте ірі қара 3 пайызға, қой мен ешкі – 33 пайызға, ал жылқы саны 4 пайызға өсті. Сонымен қатар, былтырғы жылы 11,7 мың центнер ет өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 7 пайызға өскен, - деді ауыл әкімі.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен халықтан жиналған сүт көлемі 401 тоннаны құрады. Бұдан бөлек «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтыр 41,3 млн. теңге мөлшерінде инвестиция тартылып, жоспар артығымен орындалды. Өсімдік шаруашылығы бойынша 377 гектар аумаққа дәнді-дақылдар отырғызылып, орташа түсім 10,5 центнерді құрады.

 

Өзгелердің жаңалығы