ШҚО-ның тағы бір ауданында көпбалалы отбасылар баспаналы болады

15 Қазан 2020, 20:09
1773
Бөлісу:
ШҚО-ның тағы бір ауданында көпбалалы отбасылар баспаналы болады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Глубокое ауданындағы 15 көпбалалы отбасына пәтер кілттері табысталады. Бұл туралы Глубокое ауданының құрылыс бөлімі хабарлады.

Глубокое ауданының орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс қарқыны жақсы. Өткенде ғана мұнда 60 пәтерлік тұрғынүйдің құрылысы аяқталған болатын. Оның 15 пәтері аудан аумағындағы көпбалалы отбасыларға берілсе, қалған пәтерлер баспана кезегіндеғі тұрғындарға табысталады екен.

Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлердің қаржыландыруымен жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын екі пәтерлі 10 жеке тұрғынүй салынып жатқан көрінеді. Олар да баспанаға зәру көпбалалы отбасыларға табысталмақ.

Қазір сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан баспаналар келесі жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған, - дейді Глубокое аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Ордаханов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, келесі жылы аудан орталығы Глубокое кентінде 60 және 100 пәтерлі екі тұрғынүй салынатын көрінеді. Осылайша, аудан билігі өңірде баспана кезегінде тұрған отбасыларды бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселеден арылтпақ.




Өзгелердің жаңалығы