ШҚО-ның Катонқарағай ауданында сүт өңдейтін зауыт ашылады

29 Қазан 2020, 10:36
1697
Бөлісу:
ШҚО-ның Катонқарағай ауданында сүт өңдейтін зауыт ашылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Катонқарағай ауданының Ново-Хайрузовка елді мекенінде сүт өнімдерін шығаратын шағын май зауыты салынады. 

Мұндай идеяның көптен бері ойында жүргенін айтқан Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев, жыл бастала аудан аумағында сүт шикізатын өңдеумен айналысатын кіші-гірім зауыт құрылысының қолға алынғанын атап өтті. 

Катонқарағай ауданы облыс орталығы Өскемен қаласынан 250 километр қашық орналасқан. Екіара тым алыс болғандықтан аудандағы шаруашылықтардан сүт қабылдайтын компаниялар шикізат тасымалдауда көп шығынға батып жүр. Сондықтан ауданымыздағы шаруа қожалықтарының басшылары мен бизнесмендерді жинап, сүт өңдеумен айналысатын зауытты өз жерімізде ашу жайлы шешімге келдік, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.   

Оның хабарлауынша, бүгінгі таңда сүт өңдейтін зауыт салу жұмыстары Ново-Хайрузовка елді мекенінде қолға алынған екен. Кәсіпорынды ашу жұмыстарын жергілікті «Самай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Алдағы уақытта бұл нысан аудандағы шаруашылықтардан жиналатын сүттің мөлшерін бірнеше есеге ұлғайтып, тасымалдауға кететін шығын мөлшерін еселеп азайтуға мүмкіндік беретін көрінеді. 

Өскемендік «Молочный экспресс» компаниясының сүт тасымалдайтын көліктері ауданға екі күн сайын келіп, халықтан сүт жинайды. Солоновка, Алтынбел ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерден жиналатын сүтті облыс орталығына жеткізу үшін минус 3 градусқа дейін салқындатуымыз керек. Бұл қосымша шығын. Егер сүтті минус 2 градусқа дейін ғана суытсақ, оған кететін шығын азаяды. Бірақ, бұл жерде сүтті тым ерте алып шығу керек болады. Бұл әдісті де көрдік. Дегенмен, ол бәрібір де Өскеменге жетпей ашып кетеді екен. Сондықтан, жолға кететін шығындарды азайту және сүттің сапалы сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Ново-Хайрузовка ауылында сүтті өңдеп, өнім шығаратын шағын май зауытын салуды бастадық, - деді Ренат Құрмамбаев.
Өзгелердің жаңалығы