Бас жаңалықтар
Барлық мектепке бейнебақылау мен дабыл жүйесі орнатылады – Даниал Ахметов
22 Шілде 2021, 13:32 109

Барлық мектепке бейнебақылау мен дабыл жүйесі орнатылады – Даниал Ахметов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысын өткізді, онда аймақты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. 

Нақты айтқанда, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жаңа жобалар талқыланды. ШҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі дамып келеді. Мәселен, майлы дақылдарды егетін алқаптар ұлғаюда. Себебі, фермерлер Семейде және Глубокое ауданының Предгорное ауылында екі ірі май экстракциялық зауыты бар екенін және өнімдерін соларға өткізе алатындарын жақсы біледі. Сондай-ақ, салада жайылымдық жерлерге қатысты проблема бар. 

Заңнамаға енгізілген кейінгі өзгерістер пайдалынылмай жатқан жайылымдық жерлерді қайтарып алып, шынайы мұқтаж шаруаларға ұсынуға мүмкіндік беретінін еске салды. Айта кету керек, көптеген кәсіпкерлер игермейтін жерлерін өз еріктерімен қайтарып жатыр.

Екінші маңызды мәселе – мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету. ШҚО – 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшаға бару кезегі толығымен жойылған еліміздегі жалғыз аймақ. Бірақ, Өскемен мен Семейде кішкентай бүлдіршіндерге арналған бөбекжайға әлі де кезек күтіп жүргендер бар.

Бізге кішкентай бүлдіршіндерді қабылдайтын бөбекжайлардың мәселесімен жақсылап айналысу керек. Алдағы 10 күнде барлық қалалар мен аудандардың әкімдері жоспар дайындап, қажеттілікті зерттейді. Келесі жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жаңа нысандардың құрылысын бастап кетеміз, - деді аймақ басшысы.

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтқан Даниал Ахметов, 19 тамызға дейін аймақтың барлық жалпы білім беретін 647 мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталады, деді.

Қазір кабинеттер мен асханаларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Білім беру мекемелерінің бәріне бейнебақылау мен дабыл жүйелері орнатылады. Бірінші қыркүйекке дейін барлық мектеп қажетті отын қорымен қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі мектептен тыс балаларды дамыту, шығармашылыққа баулу жұмыстарын ұйымдастыру әлі де жеткіліксіз деп есептейді. Өйткені, ШҚО-да бар-жоғы 114 үйірме мен секция жұмыс істейді екен.

Бұл - өте аз. Балалардың бәрі спортпен шұғылдануы керек, - деп мәлімдеді Д.Ахметов.

Сонымен қатар, әкімдік отырысында маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жастарды жұмысқа орналастыру, IT форумдар мен хакатондарды ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды.



Фото: дереккөз
Загрузка...