ШҚО. Қос шаруашылық экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлауда

19 Қазан 2020, 13:15
1806
Бөлісу:
ШҚО. Қос шаруашылық экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлауда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізген шығысқазақстандық қос шаруашылық шетелге шығарылатын ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін бірнеше есеге арттырмақ.

Соңғы жылдары елімізде ауылшаруашылығы саласының экспортқа бағытталған өнімін өндіруге бағытталған жобалардың көптеп қолға алынып жатқаны белгілі. Атап айтсақ, бүгінгі таңда ел өңірлері бойынша жалпы сомасы 272,2 млрд теңгені құрайтын мұндай жобалар саны 298. Бірі балық енді бірі мал шаруашылығына бағытталған осындай екі жоба Шығыс Қазақстанның Көкпекті ауданында іске асырылуда. 

Ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын тұтыну тауарларына айналдыру саласына қаражат құюдың маңызы күннен-күнге артып келеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан Аграрлық кредиттік корпорация экспортқа бағытталған ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға күш салуда. Өткен тамыз айында үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздің әр өңірінде балық өндірісін ашу жөнінде тапсырма бергені мәлім. Балық өндірісін дамыту міндеті қойылған облыстардың бірі Шығыс Қазақстан облысы болды. 

Аграрлық-кредиттік корпорациядан 50 млн теңге мөлшерінде несие алып, ісін дөңгеленткен көкпектілік «Кузьмич» шаруашылығы балық өсіруді осыдан екі жыл бұрын қолға алған болатын. Қолдағы қаражатты ұтымды пайдаланған кәсіпкер бүгінде бекіре, алабұға, ақсақа, албырт сияқты балық түрлерін өсіруде. Алдағы уақытта Ресейден қызыл балықты әкеп, өсіруді жоспарлаған шаруашылық аквапоника, яғни астында балық, үстінде өсімдік өсіріп, екі оқпен бір қоянды атуды да көздеп отыр. 

Бассейнімізде негізінен форель тұқымды балықтарды өсірудеміз. Оларға уақытылы тамағы беріліп, суын тазартып отырамыз. Жерасты суын пайдаланамыз. Сол себепті, қыс мезгілінде де суы қатып қалмайды, ал саршұнақ аязды күндері бассейін орналасқан ғимараттың ішінде пеш жағып жылытамыз, – дейді балық бағумен айналысатын Болат Мұрынбаев. 

Балықшылар кәсіпорын қарамағындағы көлдерден аулаған балықты зауытқа өткізеді. Балық онда өңделіп шыққан соң, сатылуға шығарылады. Текшеленіп салынып, мұздатқышта қатырылған балықтар қазіргі таңда Қытай, Ресей, Әзірбайжан, Грузия сияқты елдерге экспортталуда. 

Осылайша, мемлекеттік қолдауға ие болып, заманауи құрылғыларға қол жеткізген шаруашылық, бүгінгі күні 25-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал келесі жылдан бастап, олар өнім көлемін ұлғайтып, жылына 100 тонна балық өнімдерін нарыққа шығаруды көздеуде. 

Өңірімізде мемлекеттік қолдау арқылы қолға алынған екінші жоба – «Елімай Көкпекті» қожалығы. Жоба қазан айында іске қосылады деп жоспарланған. Кәсібін 150 бас ақбас тұқымды сиыр асыраудан бастаған шаруа, 2018 жылы ірі қара мал санын 3 мың басқа жеткізген. Зеңгі баба төлін ет нарығына шығаруды ойластырған кәсіпкер мал бордақылайтын орын дайындау мақсатында жеңілдетілген несие алды. Өстіп, төрт жыл ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық мәртебесіне ие болған шаруа қожалығы шетелдік тәжірибені өндіріске енгізе бастады. Бүгінде 2 мың бас ірі қараны бордақылап отырған олар алдағы уақытта сойылған мал етін Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттамақ ниетте.

Өзгелердің жаңалығы