ШҚО-да ҰОС ардагерлеріне арналған «Қамқорлық» айлығы аяқталды

4 Маусым 2019, 12:27
1920
Бөлісу:
ШҚО-да ҰОС ардагерлеріне арналған «Қамқорлық» айлығы аяқталды
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Жеңістің 74-жылдығына арналған акция биылғы жылдың 25 сәуірі күні басталған болатын. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 179 ҰОС ардагері мен мүгедектері және 13 898 тыл еңбеккері тұрып жатыр.

Өңірдегі барлық медициналық мекемелерде терапевт, хирург, отоларинголог, окулист, невропатолог, рентгенолог мамандардың қатысуымен кешенді тексерулер ұйымдастырылып, ЭКГ зерттеулері жүргізілді. Сондай-ақ Өскемен қаласындағы №4 аурухананың терапия бөлімшесінде ардагерлерге амбулаториялық және стационарлық ем қабылдату мақсатында пациенттерден зертханалық талдаулар алынды.

Айлық аясында өңірдегі 179 ҰОС ардагері мен мүгедектері толық кешенді медициналық тексерістен өткізілді. Ал жүріп-тұруы қиын пациенттерге терапевт, кардиолог, онколог, хирург мамандар мен медбикелерден тұратын мобильді топ үйлеріне барып көмек көрсетті.

«Диспансерлік тексерулер қорытындысы бойынша, барлық ардагерлерге кешенді сауықтыру бағдарламасы жасалып, оңалту бойынша жеке-дара бағдарламалар қарастырылды. Бұдан бөлек төрт ардагерге тіс протезін тегін салуға жолдама беріліп, есту аппараты қажет болған үш ардагер қажетті құрылғымен қамтамасыз етілді. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға медициналық мәртебесі бойынша теңестірілген барлық тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде тегін препараттармен қамтамасыз етілді», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан.

Сондай-ақ өткізілген айлық аясында 11 278 тыл еңбеккері, яғни тексеруге жататындардың 81 пайызы медициналық тексерулермен қамтылды.

«Аталмыш жұмыстар медициналық қызметкерлер тарапынан жыл бойы жүргізіліп отырады. Денсаулықтарын жақсарту мақсатында ардегерлерімізді Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық клиникалық госпитальге немесе Алматы қаласындағы Республикалық клиникалық госпитальге жолдап отырамыз. Биыл жыл басынан бері Елордадағы және Алматы қаласындағы госпитальдерде 5 ҰОС ардагері емделіп қайтты. Бүгінгі таңда облыстың барлық аудан, қалаларында «Өмір желісі» жедел көмек көрсету жүйесінің жұмысы жолға қойылған. Аталмыш әлеуметтік жоба облыс аумағында тұрып жатқан барлық Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қамтып, 613 «дабыл түймешесі» іске қосылды. Ардагерлерімізді ардақтау біздің басты міндетіміз екенін ұмытпағанымыз абзал», - деп қосты Ілияс Мұхамеджан.

Өзгелердің жаңалығы