ШҚО-да суға түсуге тыйым салынған 64 орын анықталған

11 Маусым 2021, 16:53
1977
Бөлісу:
ШҚО-да суға түсуге тыйым салынған 64 орын анықталған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста көк айдындары тексеріліп, қоғамдық құтқарушыларын белгілеген 16 демалыс базасы демалушыларды қабылдауға толық дайын.

Бұл жайында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы өткен баспасөз мәслихатын барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Дмитрий Титов хабарлады.

Шомылу маусымы дәстүрлі түрде бірінші маусымнан басталатынын белгілі. Бүгінгі таңда бізде әкімдіктің қаулысымен шомылуға рұқсат етілген 16 орын анықталған. Олардың аумағында жағалауға жақын әрі өзінің жағажайлары бар 80 шақты демалыс базасы орналасқан. Бүгінгі күні олардың 69-ының акваторийінде зерттеулер жүргізіліп, 16-сында қоғамдық құтқарушылар белгіленген. Осылайша олар демалушыларды қабылдауға толықтай сақадай-сай әзір, - деді Дмитрий Титов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда басқа да демалыс базаларында осындай қоғамдық құтқарушыларды қою мәселесі шешіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ жаз кезінде балалардың судағы қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінеді. Биыл Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы су айдындарына жақын орналасқан 14 жазғы лагердің 10-ы өз жұмыстарын әдеттегідей жалғастырады. Өйткені олардың жандарындағы су айдындарының түбі тексеріліп, құтқарушылары дайындалды.

Бүгінгі күні облыс бойынша суға түсуге тыйым салынған 64 орын анықталған. Бұл жерлерде 200-ге тарта тыйым салу белгілері орнатылып, оларда рейдтік шараларды тұрақты түрде өткізіп отыру қолға алынған. Бұдан бөлек, облыс аумағында жасақталған үш коммуналдық жағажай бар. Олардың екеуі Өскемен қаласында, біреу Ұлан ауданының аумағында орналасқан. Алдын ала алынған ақпарат бойынша, аталмыш жағажайлар 15 маусымнан бастап жұмыстарын бастайтын болады, – деп қосты ол.

Сондай-ақ шомылу кезінде балаларды қатаң қадағалап, суға алкогольдік ішімдік ішпей түсу қажеттігін айтқан жауапты тұлға, жыл басынан бері облыстың су айдындарында бес адам суға кетсе, оның төртеуінің жас бала екенін атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы