ШҚО-да 19 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды

26 Ақпан 2021, 14:22
1985
Бөлісу:
ШҚО-да 19 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр өңірде мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау тапқан 19 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды.

Бұл туралы аймақ тұрғындары алдында есептік кездесу өткізген өңір басшысы Даниал Ахметов хабарлады. Жастар саясатын сәтті іске асыру мақсатында «Білікті маман» жобасы қолға алынып, соңғы бес жылда орта мектеп түлектерінің шетелдерге кету көрсеткіші 4,5 есеге қысқарды.

Облыста 1200-ден астам жас «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 383 маманға баспана алуға несие беріліп, 459 көтермелеу жәрдемақысы берілді, - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тоғыз жас кәсіпкерге 42,6 миллион теңге мөлшерінде гранттар берілді. Еріктілер жылы аясында облыс орталығында волонтерлердің өңірлік фронт-офисі ашылды. Сондай-ақ, аудан, қалалардың барлығындағы еріктілердің тұрақты ортақ базасы құрылды. Бұл өз кезегінде пандемияға байланысты жарияланған шектеу шаралары кезінде жеті мыңдай еріктінің облыс тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді үйлеріне жеткізіп беруіне мүмкіндік берді.

Сондай-ақ аймақ басшысы Даниал Ахметов аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың назардан тыс қалып жатпағанын жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы облыста осындай санаттағы 11 мың отбасына 4,7 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлініп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Соның ішінде 1-ден алты жасқа дейінгі 12 мың бүлдіршінге кепілді әлеуметтік пакеттер қарастарылған.

Әлеуметтік жағынан осал санаттағы 79 мың адамға азық-түлік пен тұрмыстық заттардың жиынтықтары табысталды. Оған қоса, 14,8 мың көпбалалы отбасыларға жалпы сомасы 7,4 миллиард теңге мөлшерінде жәрдемақы бөлінді. Мектептерде оқитын 48 мың оқушыға мектеп формалары мен аяқ киімдер табысталып, тамақтанумен қамтылды. Сонымен қатар, төрт мың баланың ата-анасы балабақшаларға төлейтін төлемақылардан босатылды, - деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, облыс бойынша пандемиялық шектеулер кезінде 452 мың адам 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді алып, 470 мыңдай шығысқазақстандық қорғаныс маскаларымен қамтамасыз етілді.

 

Өзгелердің жаңалығы